27 қыр, 2019 сағат 14:15

Роман Скляр Арыстағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Арыс қаласындағы тұрғын үйлер мен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеріп, Түркістан қаласының әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік маңыздағы нысандарының құрылыс алаңдарын аралады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жұмысшы топ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге алдымен қайырымдылық қордың қаражатына салынған тұрмысы төмен отбасыларға арналған 50 үйден тұратын жаңа шағын ауданның құрылыс барысымен танысты.

Жаңа үйлер аяқталу сатысында тұр, ішкі әрлеу жұмыстары және үй жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жаңа құрылыс алаңында қажетті инфрақұрылымның құрылысы қатар жүргізіліп, алдағы уақытта мұнда мектеп, балабақша ғимараттарын тұрғызу көзделген. Келесі кезекте Үкімет басшысының орынбасары Нұр-Сұлтан қаласына бекітілген 9-сектордың құрылыс алаңын аралап шығып, қайта салынған жеке үйлерге кіріп, олардың иелерімен әңгімелесті.

Мұнда басым бөлігі жер үйлер мен 50-ден астам көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын 700-ге жуық нысан бой көтерген. Құрылысшылармен кездескен Роман Скляр Нұр-Сұлтан қаласына бекітілген құрылыс қарқынын жылдамдатуды, бекітілген кестеден кешікпей, құжаттандыру жұмыстарын шұғыл арада толықтай өткізуді тапсырды. Жұмысшы топ Арыс қаласында жиналыс өткізіп, құрылыс барысы мен нақты атқарылған жұмыс нәтижелерін талқылады. Арыста барлығы 68 әлеуметтік нысан орналасқан (білім беру, денсаулық сақтау және спорт мекемелері), олардың 64-і – күрделі жөндеуді және 4-еуі – толықтай қалпына келтіруді талап етті.

Сондай-ақ ҚР Үкімет басшысының орынбасары Түркістан қаласындағы қазаны қайнаған құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, әкімдік, медиа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңын, Тұңғыш Президент саябағы, халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын, музыка мектебін, сонымен қатар аттракциондары бар қалалық саябақтың құрылыс жұмыстарын аралап көрді.

Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға Түркістан қаласын салудың Бас жоспары көрсетіліп, жаңадан бой көтеретін мәдени-рухани орталықтың жобасы таныстырылды. Бірегей жобаға АҚШ -ң SOM – (Skidmore, Owings and Merrill) архитектуралық бюросы жұмылдырылған. Әлемдік деңгейдегі сәулеттік бюросы дүниежүзіндегі ең биік, қайталанбас ғимараттардың жобаларын жасаған.