03 шіл, 2023 сағат 18:23

Рөлге ие бола алмаған мәслихат депутаты екі баланы қағып кетті

Фото: ekaraganda.kz

"AMANAT" партиясы Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Анар Бозаева жол апатына ұшырап, бірнеше малды және кәмелетке толмаған екі баланы қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 2 шілдеде Бұқар Жырау ауданы, «Ботақара-Доскей» тасжолына жақын маңда болған. 

«Nissan көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай қалған. Рөлде "AMANAT" партиясы Бұқар жырау аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Анара Бозаева отырған. Бұл ақпаратты ол өзі растады.

Айта кетейік, ол қазір еңбек демалысында. Жүргізушінің тәжірибесі бар екені және көлік апаты кезінде мас болмағаны анықталды. Полиция департаменті жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, нәтижесінде барлық кінәлілер заңда белгіленген тәртіппен жазаланады», - деді "AMANAT" партиясы Қарағанды ​​облыстық филиалының баспасөз қызметі өкілдері.

Полиция департаментінен мәлімдегендей, 33 жастағы әйел алдымен жолдан өтіп бара жатқан малды соққан. Осыдан кейін жүргізуші рөлді басқара алмай, 8 және 16 жастағы кәмелетке толмаған екі бала мінген мотоциклмен соқтығысқан.

«Апат салдарынан жасөспірімдер жарақат алып, медициналық мекемеге жатқызылды.

Аталған факт полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Толық және объективті соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалардың жағдайы ауыр.

"2005 жылғы науқастың миы жарақаттанып, шайқалған. Оң жақ жамбас сүйегі шытынаған. Бұдан басқа да көптеген дене жарақатын алған. 2014 жылы туған екінші баланың денесінде де бірнеше жарақат бар. Санавиациямен балалар хирургі шақырылды. Балалар аудандық аурухананың хирургиялық бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.