25 шіл, 2022 сағат 23:19

Риддерде белгісіз ер адам атыс шығарды


Риддерде мас ер адам тұрғындарға оқ жаудырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі YK-news.kz басылымына сілтеме жасап.

Кеше, 24 шілдеде Риддерде драг-рейсингтен жарыс өтті. Оған Өскемен, Семей, Алматы және Ресейден шабандоздар келді. Гагарин көшесіне таңертең жанкүйерлер жиналды.

Іс-шара күні бойы жалғасты. Жұрт үйіне тарап, ұйымдастырушылар жолақты ретке келтіріп жатқанда, белгісіз ер адам пневматикалық мылтықтан оқ жаудырған. 

Куәгерлердің айтуынша, Сакура дәмханасы орналасқан Гагарин көшесі, 16-үйдің бірінші қабатында терезе айқара ашылған. Пневматикалық мылтықпен қаруланған орта жастағы белгісіз ер адам тұрғындарға оқ атқан. Мылтық нақты немен оқталғаны белгісіз, бірақ мылтық оқталған. 

"Қатты ашуландым. Терезеге қарай жүгірдім. Терезе биік, сондықтан астына тығылдым. Маған атпас үшін көзімді жұмдым. Ол мылтықты жерге қойып, қайтадан оқтай бастады", - деді сол күні оқиғаға куәгер болған Богдан.

Жол бойынан өтіп бара жатқан полицей көлігін көрген Богдан қолын бұлғап, олардың назарын өзіне аударды. Мән-жайды түсіндірді. 

Полицейлер пәтерге терезе арқылы кіріп, шабуылшыны ұстап, бөлімшеге алып кетті.

Кейін оқ атқан шабуылшы бұрынғы полиция қызметкері екені белгілі болды. Ол екі адамды жаралаған болуы мүмкін, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.

"Оның екі жәбірленушіге қатысты әрекеті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысы бойынша ер адамды ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралды. Ер адам біраз уақыт оқшауда болды, қазір ол үйінде, өйткені қамауға алу баптарында санкция қарастырылмаған. Ол енді қауіп төндірмейді", - деп түсіндірді ШҚО ІІД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Татьяна Карпова.

Риддер шабуылшысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, мылтығы тәркіленуі мүмкін.