Фото: Виктор Абакумов, YK-news.kz
Риддерде 31 үйдің өртеніп кетуіне кінәлі ер адам сотталды. Бұл туралы ШҚО соты мәліметінде айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі YK-news.kz порталына сілтеме жасап.
10 мамырда Риддерде ірі өрт шығып, қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Орман өртінің жалпы ауданы 276,4 гектар, материалдық шығын - 252 472 463 теңге. Сот мәліметі бойынша, ер адам отбасымен табиғат аясына демалуға шығып, жалын өрши бастағанда шошып кетіп, кетіп қалған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, өрт салдарынан 31 тұрғын үй жанып, 13 үй учаскесі аман қалған, бірақ 37 қосалқы ғимарат - бір көлік жөндеу шеберханасы, алты автокөлік және басқа да мүлік жанып кеткен. Екі адам қаза болды.
"25 мамырда Риддер қалалық сотында 1986 жылы туған азамат К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Іс материалдарына сәйкес, К. отбасымен демалысқа шығып, от жағып, ол тез тарала бастаған. Ер адам жалынды өз бетімен сөндіре алмай, қорқып, қылмыс орнынан кетіп қалған", - делінген хабарламада.
Ер адам ҚК-нің 204-бабы 2-бөлігі ("Отпен немесе қауiптiлігі жоғары өзге де көздермен абайсыз жұмыс iстеу арқылы жасалған не ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірген дәл сол іс-әрекет") және 104-бабы 2-бөлігі ("Абайсызда екi немесе одан да көп адамды қазаға ұшырату") бойынша кінәлі деп танылды.
"Сот кінәнің абайсызда жасалғанын, жеңілдететін мән-жайлардың болуын ескере отырып, сотталушыға екі жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп қосты облыстық сот өкілдері.
Сондай-ақ, сот 15 талап арызды қарап, олар бойынша жалпы сомасы 125 378 367 теңге шығын өндірілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
849 рет оқылды