04 қаң, 2023 сағат 21:57

Риддер жылу электр орталығындағы стансада тағы да апат болды

Фото: видео скриншоты

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жылу электр орталығындағы багер станциясында апат болды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Риддер жылу электр орталығы басшылығының немқұрайлығынан багер станциясы қайтадан су астында қалды. Дәл осындай жағдай өткен жылдың 5 қарашасында болған. Сол кезде мердігер ұйымдардың күш-жігерімен біз мазутты сорып алып, барлық агрегаттардың жұмысын қалпына келтірген едік. Алайда, ЖЭО басшылығының кінәсінен жағдай қайталанды. Қазір багер станциясында апатты жою жүргізіліп жатыр. 4 мотопомпа, 4 суасты сорғысы іске қосылды», - дейді аймақ басшысы.

Төтенше жағдай жөніндегі штабтың ақпаратына сәйкес, апат салдары 3-4 сағат ішінде жойылады.

«Риддер тұрғындарына айтарым, болған жағдай станцияның жұмысына әсер етпейді. Алаңдауға ешқандай себеп жоқ. Резервтік жабдық қосылған. ЖЭО-дан жылу беру кесте бойынша жүргізіледі. Штаб мамандары оқиғаның себептерін анықтап жатыр», - деді Даниал Ахметов.