24 нау, 2023 сағат 13:38

Риддер Жылу электр орталығына 11 миллион теңге айыппұл салынды

Фото: © Sputnik / Александр Кряжев

Прокуратура Риддер қаласындағы жылу энергиясын тұтынушылардың құқықтарын қорғады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Былтыр қарашада Риддердегі жылу орталығында апат болып, бұл жағдай жылу берудің төмендеуіне алып келген.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы қалыптасқан жағдайдың себептерін анықтау үшін уәкілетті органдардың мамандарымен бірлесіп, кәсіпорын қызметіне тексеру жүргізген.

"Оның нәтижелері «Риддер ЖЭО» АҚ-ның қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін көрсетті. Заңнамаларды бұзудың 240-тан астам дерегі анықталды.

Уәкілетті органдар прокуратураның қадағалау актілері бойынша ЖЭО-ға қатысты бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығара отырып, 11 млн.теңгеден астам сомаға әкімшілік жаза қолданды.

Прокуратураның ұсынысы бойынша «Риддер ЖЭО» АҚ жылу энергиясын тиісті деңгейде жеткізбегені және сапасының нашарлағаны үшін төлемді қайта есептеу арқылы 63,3 млн.теңге сомасына 21,7 мың тұтынушыға залал өтелді" - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, тексеру барысында 548 млн. теңге сомасына тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның қаражатын мақсатсыз жұмсау туралы табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзу фактісі анықталған.

«Риддер ЖЭО» АҚ үшін 2023 жылғы 1 сәуірден бастап 2024 жылғы 31 наурызға дейін 18%-ға төмендетілген уақытша өтемдік тариф бекітілген.