© Photo: Үкімет басшысының баспасөз қызметі
ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшыларына қатысты алаяқтық фактісі бойынша істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, мемлекетке аса ірі көлемде - 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінген.
"Тергеу барысында ЖЭО жабдықтарының тозуы мен жылу энергиясын беру жүйесінің бірнеше рет істен шығуына жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың жүйелі түрде ұрлануы себеп болғаны анықталды.
2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісім-шарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған.
Тергеу барысында қабылданған шаралар мен ҚР Премьер-Министр төрағалық ететін Үкімет жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беру арқылы келтірілген шығынды өтеу қамтамасыз етілді. Оның құны шамамен 5,5 млрд теңгені құрайды" - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.