20 қаң, 2023 сағат 14:37

Риддер халқынан кешірім сұраймын – Даниал Ахметов

Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО әкімдігінің мәліметінше, аймақ басшысы Даниал Ахметов Риддер қаласына барып, жылу электр орталығындағы ахуалмен танысты.

«Орталық басшылығының жауапсыздығынан осындай оқиғалар болып жатыр. Олар 4 жыл бойы ештеңе істемеген. Мемлекеттік органдарды жалған анықтамалармен алдап келді. Былтыр қараша айында алғаш рет апат болған кезде біз басқа кәсіпорындар мен жылу электр орталықтарынан 160 маманды тартып, қалпына келтіру жұмысын қолға алдық. Өте мүшкіл халде болған жоғары қысымды 2 қазандықты қысқа уақыт үшінде жөндеп шығардық», - дейді облыс әкімі.

Фото: inform.kz

Оның айтуынша, ЖЭО иелері бұл қазандықтарды жөндеуді мүлде ойламаған. Тіпті олар көмір ақысын төлеуден де бас тартқан. Соған қарамастан Қаражыра кен орны әкімдік кепілдігімен көмір жеткізуді тоқтатпады. Қазір орталықтың көмір үшін қарызы 1 млрд 350 млн теңгені құраған.

Фото: inform.kz

«Жылу температурасы төмендеп кеткені үшін Риддер халқынан кешірім сұраймын. Бұл тұрғындар үшін тікелей маңызды осындай нысан иелерінің олқылықтарына жол беріп отырған заңдағы кемшіліктерден туындады деуге де болады. Президенттің тапсырмасымен құзырлы министрлік тарапынан заңға өзгерістер енгізіліп, бізге ЖЭО жұмыстарын талапқа сәйкес бақылауға мүмкіндік болады деп сенемін», - деді Даниал Ахметов.

Еске салсақ, кеше Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын. Қызыл жалын бірнеше сағатта ауыздықталды. Отқа оранған көмір цехы үш күнде қалпына келтірілетіндігі хабарланды. Қазір жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.