31 шіл, 2020 сағат 14:34

Рейд: Прокуратура 770 млн-нан астам теңгенің медициналық бұйымдарын тәркіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары дәрілік заттардың заңсыз айналымы, оларды қолдан жасау, сондай-ақ оларды жоғары бағамен сату фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлерде прокурорлардың басшылығымен экономикалық тергеу, полиция, мемлекеттік кірістер және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау қызметінің қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтары құрылды. Арнайы жүргізілген рейдтердің барысында 650 дәріхананың дәріні жоғары бағамен сату фактілері анықталды. 

«Алматы қаласында коронавирустық инфекциядан емдеуде қолданылатын 60 мың дана жасанды дәрі-дәрмек («Цефамед», «Цераксон», «Цефтазидин», «Физиотенс») дайындау цехы анықталды. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 222, 262 және 323-баптары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктілер қамауға алынды»,-делінген хабарламада. 

Сонымен қатар онда дәрі-дәрмек тапшылығын жасанды түрде тудыру арқылы (цефтриаксон, азитромицин, парацетамол және т.б. бар бола тұра) елордалық дәріханалардың бірі оларды қосалқы үй-жайынан (сертификатсыз және фискалды чектерсіз) жоғары бағамен сатқаны айтылған. 

«Аталған дәріханадан жалпы сомасы 1,7 млн. теңгеге 2811 қаптамадағы дәрі-дәрмек алынды. Батыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясымен шекарада тиісті құжаттарсыз 5342 қаптама мен 3160 ампуланы, сондай-ақ 10 млн.теңгеден астам сомаға 2 мың медициналық бұйымды заңсыз әкелудің жолы кесілді. Сот кінәлі тұлғаға 277 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, дәрі-дәрмек мемлекет пайдасына тәркіленді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Денсаулық сақтау басқармасына берілді. Жалпы тексеру шараларының қорытындысы бойынша 694 адам әкімшілік жауапқа тартылды, заңсыз айналымнан жалпы 770 млн. теңгенің 400 мыңнан астам медициналық дәрі-дәрмектері мен медициналық мақсаттағы бұйымдары алынды. Ірі залал келтірілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кінәлі тұлғаларды жазалаудың бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін қылмыстық істерді тергеу және әкімшілік материалдарды қарау барысы прокуратураның бақылауында»,-делінген Бас прокуратураның ақпаратында. 

Сонымен қатар материалда адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында прокуратура жанынан құрылған бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтардың жұмысы жандандырылғандығы айтылады. Тексеру шаралары жалғасуда. Сондай-ақ прокуратура органдары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін шаралар қабылдау кезінде заңдылықты қамтамасыз етеді. 

Белгіленген карантиндік шектеулерді, оның ішінде бетперде режимін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатын жауапкершілік көзделген. Осы бап бойынша 3467 адам жауапқа тартылды. 

Мысалы, бетпердесіз сатып алушыларға қызмет көрсеткені үшін Алматы қаласындағы дәріханалардың біріндегі фармацевтке әкімшілік айыппұл салынды. Сол сияқты, қоғамдық көлікте бетпердесіз жүргені үшін азаматшаға айыппұл салынды. 

«Кінә мойындалған жағайда заңнама кінәлі адамға 7 тәулік ішінде айыппұлдың жартысын төлеуге құқық беретініне назар аударамыз. Өзге жағдайда істің нақты мән-жайларына сүйене отырып, уәкілетті орган айыппұл мөлшерін 1/3 (30%) дербес қысқартуға құқылы»,-деп жазады прокуратура органдары.