Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Есепті тыңдау барысында Сенат төрағасы өткен жылдың өте күрделі болғанын, Парламент коронавирус дағдарысын еңсеру үшін Үкіметпен бірлесіп, белсенді жұмыс істегенін атап өтті. Қолға алынған жұмыстарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін депутаттар маңызды заңдарды жедел түрде қабылдады.
«Қазіргі таңда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Биылғы бес айда экономиканың өсімі 1,6 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттердің келесі кезеңін іске асыру үшін де Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, бәріміз осылай жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі - экономикалық өсімді қалпына келтіру және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыру екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда ол бүгін жалпы отырыста бірқатар проблемалар орынды көтерілгенін атап өтті.
«Алдағы уақытта Үкімет бұл мәселелерге назар аударып, жұмыста ескереді деп ойлаймыз. Біріншіден, Республикалық бюджетті кірістер мен шығыстар тұрғысынан теңгерімді етуге ұмтылуымыз керек. Өйткені бес жылдың ішінде республикалық бюджеттің шығыстары 2 есеге дейін өскен. Былтыр шығыстардың тек 44 пайызы «таза кірістер» есебінен жабылған. Ал, қалған 36 пайызын Ұлттық қордан трансферт пен 20 пайызын қарыз құраған. Осыған байланысты депутаттарды бюджет тапшылығының өсімі алаңдатады. Мұндай үрдісті өзгерту қажет. Бұл жөнінде мамыр айында бюджетке енгізілген түзетулерді қараған кезде де айтқан едік. Біз қарыздарды көбейте бермей және болашақ ұрпақтың қорын ысырап етпей, «қалтамыз» бен мүмкіндігімізге қарай өмір сүруіміз керек», – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Сенат спикері бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін тиімсіз шығындарды оңтайландыру және қысқартуды ұсынды. Ол Есеп комитетінің деректерін тілге тиек етіп, 2020 жылы тиімсіз жұмсалған және игерілмеген бюджет қаражатының көлемі шамамен 570 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Бұл – 2019 жылғы көрсеткіштен 33%-ға көп.
«Соңғы жылдары квазимемлекеттік субъектілерді қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен ауқымды қаражат бөлініп келеді. Тек былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 817 миллиард теңгеден асқан. Сонымен бірге, қаражаттың айтарлықтай көлемі тиімсіз жұмсалатыны анықталып отыр. Квазимемлекеттік сектордың 25 субъектісін қамтыған аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті шамамен 380 миллиард теңгені құрайтын бұзушылықтарды анықтаған. Осыған орай Үкіметтен жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды және болашақта мұндай бұзушылықтардың алдын алуды сұраймыз», – деді Палата төрағасы.
Сенаторлардың айтуынша, бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту үшін бірқатар нысанды жекешелендіру ісінің берері мол. Сол себепті, Мәулен Әшімбаев бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын арттыру және барлық рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Сонымен қатар Сенат спикері ел бюджетіндегі экономиканың өсіміне салынатын қаражаттың үлесін ұлғайту мәселесіне де тоқталды.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша бюджет шығыстарының 61% ағымдағы мұқтаждықтарға жұмсалған. Тек 15% ғана даму мақсаттарына бағытталған. Экономикадан түсетін «таза кірістер» республикалық бюджеттің шығыстарын жаппай отырған қазіргі жағдайымызда, өсу драйверлеріне баса мән беру керек. Яғни, бюджет қаражатын өндіріс орындарын салуға немесе реконструкциялауға, инфрақұрылымға, коммуникацияға, бизнесті кредиттеу мен субсидиялауға және тағы басқа инвестициялық мақсаттарға жұмсаудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.