Үштөбе қаласында Республика күніне орай 30 пәтерлі баспананың кілттері табысталды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Исабеков, Үштөбе қаласының тұрғындары және мердігер мекеме өкілдері қатысты.
Тұрғын үй "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Үй құрылысына 405,6 млн. теңге жұмсалды.
Жаңа үйде 2 бөлмелі 10 пәтер және 3 бөлмелі 20 пәтер бар.
Қоныс той иелері қатарында 20 пәтерге - 1 және 2 топтағы мүгедектер, Ауған соғысының ардагерлері, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы азаматтар ие болды, тағы 5 пәтер жетім балаларға, 5 - көп балалы отбасыларға бұйырды.
Аудан басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, ауданда жақын арада 40 пәтерлі коммуналдық үйдің құрылысын бастау, сондай-ақ "Көкдала" шағын ауданында 20 жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын атап өтті.