Ақтөбеде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы республикалық форум өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елімізде алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу, кәсіподақ рөлін күшейту бағытында форум өтті. Мамандық беделін және медицина қызметкерлеріне деген тұрғындар сенімін арттыру мәселесі талқыланды.
Форумға ҚР Кәсіпдақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботакөз Жакселекова қатысты.
Еліміздің әр өңірінен 1200-ден астам адам шақырылған. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, 2018 жылдан бастап өңірде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподағына 60-қа жуық бастауыш ұйым мен 23 мыңнан астам адам мүше болды.
Айта кетейік, 2019 жылдың 9 айында республика бойынша өндірісте жазатайым оқиғалардан 943 адам зардап шегіп, 111 жұмысшы қаза болды. Ақтөбе облысында 68 адам зардап шегіп, оның 11-і қаза тапты. Кәсіподақ денсаулық сақтау қызметкерлері үшін мемлекеттік кепілдерді күшейту шараларын қолдайды. Медицина қызметкерлерінің жалақы мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.
«Қазақстанның денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының мәліметі бойынша республикада ең төменгі жалақы Ақтөбе облысының дәрігерлеріне тиесілі. Орташа жалақы мөлшері - 110, 2 мың теңге. Ал ең жоғарысы – Нұр-Сұлтанда. Елордалық дәрігерлер 170, 5 мың теңге алады. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен қатар, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, саланы мемлекеттік қаржыландыру деңгейі бағыттарындағы жұмыстар үздіксіз жалғасуы тиіс», - деді Ералы Тоғжанов
«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының І республикалық форумына қатысушылар ҚР Үкімет мүшелері мен Парламентке бағытталған қарар қабылдады.
Онда денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері, соның ішінде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, саладағы қоғамдық бақылау, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне лайықты әлеуметтік-еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қарастырылған.