Ауған-өзбек шекарасындағы көпір.
Ташкенттің тәліптер билігін мойындауының бір шарты - Ауғанстанда қоғамның барлық саяси күштерінен тұратын мемлекеттік құрылымның болуы.
20 қазанда Мәскеуде Өзбекстан президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Исматулла Иргашев осылай мәлімдеді, деп хабарлады ресейлік және өзбек ақпарат құралдары.
Сәрсенбіде Ресей астанасында басталған Ауғанстан жөнінде пікір алмасу жиынына он елдің өкілдері қатысып жатыр.
"Талибан" үкіметі Доха келісіміндегі жауапкершіліктерін мойындаса, сонымен бірге ауған қоғамындағы барлық саяси тараптардан тұратын үкімет құрса, онда Өзбекстан бұл үкіметті мойындауы мүмкін, дейді Иргашев. Адам құқықтарын сақтау, сонымен бірге Ауғанстан аумағын содырлардың пайдалануына жол бермеу мәселелері де Ташкент шартында бар.
Өзбекстан президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілінің мәлімдеуінше, Ташкент әзірге тәліптер басқаратын уақытша үкіметті мойындай алмайды.
Өзбекстанның ресми өкілдері "Талибан" үкіметін заң жүзінде мойындай алмаса да, іс жүзінде онымен тығыз әріптестік орната алатынын мәлімдеп жүр.