Атыраудың Ресеймен шекарадағы Құрманғазы ауданында екі елді мекен құрылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 468 жер теліміне есептелген жобаның құны бір миллиард 550 миллион 645 мың теңге. Мердігер - "Қарағанды жолдары" ЖШС. Компания инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын толығымен аяқтады.
Кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй салу үшін 0,1 гектар жер телімін беруге уәде берілді.
"Құрманғазы ауылында 2016 жылдан бері 2000-ға жуық өтініш беруші кезекте тұр. Тұрғындар кезекпен жер алып жатыр, 60 өтініш беруші жер телімдерін алып үлгерді. 120 тұрғынға жер кезегімен беріледі", - деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ренат Нұғманов.
Алдағы уақытта аудандағы жаңа елді мекендер қатарына Болашақ және Шипажай шағын ауылдары да қосылады, деп жазады басылым.