12 жел, 2022 сағат 16:28

Ресеймен «газ одағын құру» туралы ешқандай келіссөз жүргізілген емес – министр


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Atameken Business» тілшісінің сауалына берген жауабында Қазақстанның газ мәселесі бойынша Ресей және Өзбекстанмен тығыз ынтымақтастықта екенін, бірақ ешқандай «газ одағын» құру мәселесі талқыланбағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз газ одағы туралы келіссөздер жүргізбегенімізді тағы бір нақтылап айтамын. Біз тек екіжақты әңгіме-дүкен құрдық. Менің ол жаққа (Ресей Федерациясына. – ред.) жиі баратынымды жақсы білесіздер, мен солтүстік-шығысты газдандыруға қатысты мәселелерді шешуге тырысамын. Бұл – Ресей Федерациясымен екіжақты қарым-қатынастаға негізделетін мәселе. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, Өзбекстанмен де солай, яғни біз азиялық газ құбырының бір жүйесіне – бізге қосылған бүкіл газ құбыры жүйесін реттеуге кіреміз. Үшіншіден, Өзбекстанның Ресей Федерациясымен газ мәселесі бойынша өз қарым-қатынасы бар, бізде ондай мәселе жоқ. Олар сол мәселелерді шешіп жатыр. Кейде үш жақ қатар отырып сөйлесуге тура келетін жағдайлар болады. Бірақ бұл одақ құру керек дегенді білдірмейді», - деп жауап берді Ақшолақов.

Айта кетсек, Президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары кезінде «үшжақты газ одағын» құру туралы ұсыныс айтылғанын, аталған мәселе бойынша ұтымды шешім қабылдау үшін үш елдің сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізілуі қажеттігін мәлімдеген болатын. Кейінірек ҚР СІМ Мәскеудің одақ құру туралы бастамасын «әзірше мұқият зерделеуге тиіс идея ғана» деп түсіндіріп, Қазақстан санкцияларды айналып өту үшін өз аумағын пайдалануға жол бермейді деп сендірді.

Осы орайда, БАҚ-та Өзбекстанның «үшжақты газ одағын» құрудан бас тартқаны туралы ақпарат тарады.