Ресеймен арадағы шекараны толық демаркациялауға 2-3 жыл уақыт керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенатта өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Ресеймен арада демаркацияланбаған аумақтар бойынша жұмыстар қашан аяқталатынын сұрады.
«Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7,5 мың шақырымнан астам. Оның 70 пайызы демаркациядан, яғни шегендеуден өткен. Енді қалған 30 пайызы таулы аймақта орналасқан. Бұл тағы 2-3 жылдай уақытты алады. Әрине, екі жақтан межелеу процесі біткен. Шекара қай жерден өтетінін нақты біліп отырмыз. Тек шегендеу процесі қалды», - деді Мұхтар Тілеуберді.
Сонымен қатар ол Каспий теңізіндегі шекара мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«Тура осындай шартты Ресеймен дайындап отырмыз. Каспий теңізінің жағалауындағы 5 мемлекет бастапқы тік сызықтар мәселесін талқылап жатыр», - деді министр.