10 қыр, 2022 сағат 15:10

Ресейлік кәсіпкер Украинаны қалпына келтіруге миллиард доллар ұсынды

Михаил Фридман.

Ресейлік кәсіпкер Михаил Фридман Украинаның денсаулық сақтау, азық-түлік және энергетика қауіпсіздігімен байланысты инфрақұрылымын қаржыландыруға жеке есепшотынан бір миллиард доллар қаражат ұсынды. Ол қаржыны украиналық "Альфа банкке" аудару қажеттігін айтты. Америкалық Wall Street Journal басылымының жазуынша, кәсіпкер осылайша Ұлыбританияның санкциясынан құтылғысы келеді, деп хабарлайды Азаттық.

Михаил Фридман – украиналық "Альфа-Банк" иелерінің бірі. Бірақ бұл қаржы ұйымының ресейлік "Альфа-банкке" қатысы жоқ.

Банк өкілдері осындай ұсыныс жасалғанын растап, украиналық Орталық банкке жіберілгенін айтты. Банк өкілдерінің сөзіне қарағанда, ұсыныс маңызды, себебі қаражат соғыстан кейін елді қалпына келтіруге жұмсалмақ.

Фридманның өзі WSJ берген түсініктемесінде ешқандай шарт қоймағанын, санкцияны алу туралы ұсыныс та айтпағанын жеткізді. Ал Ұлыбритания СІМ Лондон санкциядан жалтару әрекеттерін қолдамайды деді. 

Ұлыбританиядан бөлек Еуроодақ та Фридманға санкция салған. 

Кәсіпкер Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты санкцияға ілінген. Британ билігінің тұжырымдауынша, Фридман мен бизнес әріптесі Петр Авен ірі кәсіпкерлер ретінде президент Владимир Путинге ықпалы етеді. Фридман мұны жоққа шығарады. Наурызда санкцияға ілінгеннен кейін Ұлыбританияда тұратын кәсіпкер қиындыққа ұшырағанын, тіпті тазалаушының ақысын бере алмай отырғанын айтқан.

Forbes Фридманның байлығын 11,8 миллиард долларға бағалайды.