Ресейлік алаяқтар елорда тұрғынының 137 миллион теңгесін жымқырған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны полицияға арызданып, белгісіз біреулер оның 137 094 000 теңге қаражатын алдау жолымен иемденіп кеткенін айтқан.
Ер адамның айтуынша, оған телефон арқылы белгісіз екі адам қоңырау шалған. Олардың бірі өзін қала прокурорының орынбасары ретінде, ал екіншісі өзін қаржылық бақылау бөлімінің қызметкері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушіге алаяқтар шотынан ақша алуға тырысып жатқанын және бұл ақшаны сақтау үшін оны банктің кепілдік шотына жіберу керек екенін айтқан. Осылайша, жәбірленуші өзінің барлық ақшасын 15 рет түрлі шотқа аударған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында "Сарыарқа" ауданының жедел уәкіл қызметкерлері күдіктілердің бірі - Ресей Федерациясының 33 жастағы азаматын ұстады. Қылмыстық топтың екі қатысушысы республикадан тыс жерде жасырынып үлгерген. Қазір іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Елорда аумағында қылмыстық топ жалған тұлғалар арқылы банк карталарын рәсімдегені анықталған. Бір ай ішінде күдіктілер еліміздің әртүрлі банкінде ашылған 35 банк картасын алған. Алаяқтық әрекеттерден алынған ақшаны олар қолма-қол ақшаға айналдырып, кейін АҚШ долларына айырбастаған. Содан соң қаскүнемдер валютаны криптовалютаға айырбастап, Ресей Федерациясына жіберген.
Қазір ұсталған алаяқ тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық топпен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті түрлі ведомстволардың басшылары мен қызметшілерінің атынан қоңырау шалумен байланысты алаяқтықтың жиілеп кеткені туралы ескертті.
“Егер сізге осындай қоңырау түссе, ешқандай жағдайда СМС-кодты бермеңіз! Әңгімені үзіп, банктің колл-орталығының ресми телефондары бойынша ақпаратты нақтылаңыз. Барлық қауіпсіздік шараларын қосыңыз, 3Д-Secure, сіздің телефон нөміріңізге СМС-хабарлама жібермей ешқандай төлем жасалмайды. Операцияларды жүргізу үшін осы кодты енгізу арқылы ғана растай отырып, қандай да бір төлем операциясын жүргізе аласыз. Сондықтан мұндай қауіпсіздік әдістерін қосу керек”, – деп ескертті полицейлер.
543 рет оқылды