Ресей Федерациясына салынып жатқан санкциялардың Қазақстанның бизнес саласына қандай әсерін тигізіп жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерден 377 бизнес мәселесі бойынша сұрақтар келіп түсті. Мәселелердің дені логистикамен байланысты. Яғни азық-түлік, медициналық өнімдер, құрылыс материалдарын жеткізуге қатысты қиындықтар. Сонымен қатар ақша аударымына да қатысты түйткілді жайттар бар. Одан бөлек, көптеген кәсіпкерлер Ресей мен Беларусь шекарасынан жүктерін өткізе алмай әлек болып жатыр. Олардың қатарында құбырлар, қағаз, темір, құрылыс материалдары және медициналық өнімдер бар», - деді Бейсен Жолболдиев «Атамекен» ҰКП-да онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП өкілі доллардың өсуі кейбір бизнес келісімшарттарына қауіп төнгізгенін айтты.
«2021 жылы жасалған кейбір келісімшарттың орындалмау қаупі бар. Себебі келісім былтыр доллардың бағасы 435 теңге кезінде жасалды. Ал қазір доллар 510 теңгеге жетіп отыр. Осы тұста кәсіпкерлер көтерген әр мәселе жедел штабта қаралатын болады», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Ресейге салынып жатқан санкциялардың отандық бизнестің дамуына әсеріне байланысты кәсіпкерлерге арналған жедел штаб құрылды.