13 сәу, 2022 сағат 14:41

Ресейге салынған санкциялар азық-түлік дағдарысына алып келді – министрлік


Көрші Ресей Федерациясына салынып жатқан санкция салдары әлемдік деңгейде азық-түлік дағдарысына алып келді. Бұл пікірді ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік бағасының өсімі Еуропа елдерінде де байқалады. Мысалы, Францияда инфляция 5,1 пайыз - рекордтық көрсеткішке жетті. Баға өсімінің әлемдік үрдісі Қазақстанда азық-түлік бағасы өсуінің факторы болып отыр. Биыл азық-түлік бағасы өсімінің әлемдік тенденциясы Украинадағы жағдайға да байланысты. Сонымен қатар Ресейге салынып жатқан санкциялардың салдарынан әлем елдеріне жеткізілетін тауарлар тізімі бұзылды. Салдарынан әлемдік деңгейде азық-түлік дағдарысын туды», - деді Айдар Әбілдабеков орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен жетекші экономистер де баға тұрақсыздығын болжап отыр. 

«Өткен жылы Ресейде жайсыз егіс науқанына байланысты көкөністерге сұраныс артты. Әсіресе картоп пен қырыққабатқа сұраныс жоғары болды. Салдарынан баға өсті. Тағы бір себеп - 2019 жылы Ресей тарапынан қырыққабатқа сұраныс жоғары болды, соны ескерген біздің бағбандар 2020 жылы көп көлемде қырыққабат екті. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы пандемия басталып, шекаралар жабылды. Салдарынан өнімнің біразы далада қалды. Сәйкесінше 2021 жылы қырыққабат аз егілді, аз болған соң сұраныс қайта артты. Осы жағдайдың бәрі баға тұрақсыздығына алып келді», - дейді ол.