19 мам, 2022 сағат 18:43

Ресейге қарсы санкциялар Қазақстан экономикасына ауыр соққы болады - ХВҚ


Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары Украинадағы оқиғалар мен Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Қазақстандағы экономикалық өсім туралы болжам жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Джихад Азурдың пікірінше, Ресейге қарсы халықаралық санкциялар Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикасына да ауыр соққы болады.

"Орталық Азия елдері географиялық жақындығын, Ресеймен тығыз сауда және қаржылық байланыстарын, ақша аударымдары мен туризмге тәуелділігін, сондай-ақ, айырбас бағамына байланысты әсерлерді ескере отырып, әлеуеті осал елдер қатарына кіреді. Сонымен қатар, аймақ елдері Украинамен сауда байланыстарын жүргізеді және шикізат пен азық-түлік бағасының өсуіне, сондай-ақ, қаржылық жағдайдың күшеюіне қатысты жаһандық қайталама әсерге ұшырайды. Украинадағы соғыстың жан-жақты әсері биыл Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің экономикалық өсімін едәуір әлсіретті", - деді ол.

Жақында қор жариялаған экономика дамуы перспективасы болжамына сәйкес, нақты ЖІӨ өсімі 2022 жылы 2,6 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, сарапшылар өңірде инфляция биыл 10,7 пайызға дейін артады деп болжап отыр.

"Алайда бұл шок салдары өңірлерде әртүрлі байқалады және энергия ресурстарының экспорттаушылар, мысалы Әзербайжан мен Қазақстан мұнай мен газ бағасының өсуінен пайда көріп, соғыстың кейбір негатив салдарының орнын жабады. Осы елдерден Ресейге немесе оның аумағы арқылы энергия ресурстарын экспорттауға қауіп төнуі мүмкін. Сонымен қатар, Армения, Грузия және Қырғызстан сияқты энергия ресурстарын импорттаушы елдер экономикасының өсу болжамы шикізат тауарларына бағаның өсу әсерін ескере отырып айтарлықтай төмендеді", - дейді Азур.

Одан бөлек, маман барлық өңірде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық азық-түліктің әлемдік бағасының өсуіне байланысты өсіп жатқанын және Ресейден жеткізілімдер аймақтағы азық-түлік импортының 20 пайыздан асатынын, ал кейбір елдер Ресейден де, Украинадан да бидай жеткізіп, тәуелді болып отырғанын атап өтті.

Экономистің сөзінше, пандемиямен байланысты дағдарыс, макроэкономикалық саясаттың мүмкіндіктерін шектей отырып, инфляция мен қарыз деңгейінің жоғарылауына әкелді.

"Даму перспективасы нашарлауы жағдайында орталық банктер инфляцияны ұстап тұру үшін барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс, бұл ретте экономикалық өсуге артық кедергі келтірмеуі керек. Мемлекеттік басқару органдары бағаның өсуі халықтың осал топтарына әсерін жұмсарту мүмкіндігін мұқият бағалауы қажет. Сондай-ақ, олар аймақтағы долларландырудың жоғары деңгейін және Ресеймен банк секторындағы байланысты ескере отырып, қаржылық тұрақтылықтың сыртқы әсерлерден туындаған қатерлерін есте ұстауы керек. Бұл экономикалық саясатты әзірлеу және жүргізу үшін сынақ уақыты. Аймақтың болашағын анықтайтын белгісіздік факторлары мен ұзақ мерзімді қиындықтар әлі де бар - бұл климаттың өзгеруіне бейімделуден бастап жоғары және жан-жақты өсуді қамтамасыз етуге дейін ", - деп атап өтті Азур.

Оның пікірінше, инфляциялық болжам өсетін елдерде орталық банктерге директивалық пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі арттыру қажет болуы мүмкін. Валюта бағамының икемдігі шокты азайтуға көмектесуі мүмкін. Ал бюджеттік мүмкіндіктері шектеулі энергия ресурстарын импорттаушы елдер өсуге қолайлы бюджеттік шараларын іске асыруы керек, бұл ретте денсаулық сақтау мен әлеуметтік салаға жұмсалатын шығын маңызды болады.

"Азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерді тез арада азайту керек және елдер халықтың кедей топтарына жоғары халықаралық бағалардың әсерін жеңілдетуі қажет. Осал үй шаруашылықтарын қорғауды қамтамасыз етудің ең тиімді тәсілі - атаулы және уақытша трансферттер. Әлеуметтік қорғаудың жүйесі берік болмаса, бағаны біртіндеп көтеруге болады. Сондай-ақ өндірісті қолдау және халықаралық ынтымақтастықты жандандыру азық-түлік жеткізілімін арттыруға көмектеседі. Экономикалық саясат шараларының дұрыс жиынтығымен КОА аймағы жарқын болашақ жолында осы күйзелістерден шыға алады", - деп түйіндеді ол.