Азық-түлікке жүргізілген мониторингтік зерттеулерден кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар өндірушілердің өніміне қатысты уақытша шектеулер қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атап айтқанда, «Ставропольский бройлер» ЖАҚ өндірген «Благояр» атты бройлер балапаны қанаттарының сатылымына шектеу қойылған. Мұнда мезофилді аэробты және қосымша анаэробты микроағзалардың көлемі шектен тыс көп екені анықталған.
Сондай-ақ, Ресейдің Саратов облысында орналасқан «СПК «Курников» ААҚ өнімдерінің әрбір партиясынан сынама алып, қатаң зертханалық тексеруден өткізіп тұру жөнінде шешім қабылданды. Бұл кәсіпорынның тартылған етін зерттеген кезде мезофилді аэробты және қосымша анаэробты микроағзалардың мөлшері нормадан көп екені белгілі болды.
Мұның алдында ҚР АШМ ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай болмағаны үшін мынадай компаниялардың өнімін кіргізуге уақытша шектеу қойған болатын: «ФинИнвест» ААҚ - Челябі облысы, «Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ - Мәскеу қаласы, «Приосколье» ЖАҚ - Белгород облысы, «Чебаркульская птица» ААҚ - Челябі облысы, «Брянский бройлер» ААҚ - Брянск облысы, «Магнитогорский птицеводческий комплекс» ААҚ, «Токаревская птицефабрика» ААҚ, «Алтайский бройлер» ААҚ және «Расковский молзавод» кәсіпорны.
Айта кету керек, мезофилді аэробты және қосымша анаэробты микроағзалардың мөлшерден тым көп болуы аталмыш өнімді бұзатын микроағзалардың көбейіп жатқанынан хабар береді.