Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне жағдай жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес болып жатқанына куә болып отырмыз. 1 400 шетелдік ірі компанияның тең жартысы жұмысын тоқтатып, Ресей нарығынан кетті. Үкіметке Қазақстанда солардың қолайлы релокациясына жағдай жасау керек. Бұл бізге орта және жоғары бөліністегі тауарлардың өндірісін арттыруымызға мүмкіндік береді.
Мен Үкіметке қайта өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалардың пулын әзірлеп, оларды әлеуетті инвесторлармен бірге пысықтауды тапсырған болатынмын. Бұл жұмыс әлі күнге дейін мәжілістер мен кездесулер режимінде жүріп жатыр. Нақты нәтижелер әзірге аз, мақтанарлық көрсеткіш жоқ. Шындап келгенде жаңа жобалар жоқ», - деген Мемлекет басшысы бұл мәселенің сұрауы әкімдер мен министрлерден де болатынын ескертті.
«Тағы қайталап айтам, бәрінен бұрын жобалар өңірлерде де, жергілікті орындарда іске асырылады. Сондықтан, оған инвестиция тартып, түпкілікті нәтижеге жету жөнінде әкімдерден де министрлерден сияқты сұрау болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.