Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті микробиологиялық көрсеткіштер бойынша денсаулыққа зиян келтіретін азық-түлік өнімдерін анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ведомство баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Ресейден келген «Чебаркульская птица» бройлер-балапаны өнімінен және АҚШ-тан келетін тауық санынан сальмонелла табылған. Бұл табан астында жасалған тексеріс нәтижесінде анықталып отыр. Аталған өнімдер толықтай жойылды. Сальмонелла Ресейден «МПК» атауымен келетін тауық етінен де табылды. Сонымен қатар «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС өндіретін «Курочка ряба» бойлерінен де табылған.
«Өнімді бұрмалау фактілері тіркеліп отыр. Сүт өнімдерінен алынған 100 сынаманың 6 пайызы талапқа сәйкес келмеген. Бұл Lactalis International және «President» майы және «Шадринское» сүтіне қатысты. Ресейден келетін құс еттерінен алынған 100 сынаманың үшеуінен маркировкада ескертілмеген шошқа ДНҚ-сы (Дезоксирибонуклеин қышқылы) табылған», - дейді техникалық регламенттерді қадағалау бөлімінің басшысы Самат Қазанбаев.