09 қар, 2021 сағат 14:24

Ресейден әкелінген көліктерді шектеу нарықтағы көлік бағасына қалай әсер етеді?


Белгілі автожурналист, сарапшы Олжас Оқас Ресей Федерациясынан әкелінген көліктердің төңірегіндегі шу жергілікті нарыққа қалай әсер ететіні туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

«Ресейден әкелінген көліктердің шуы нарықтағы бағаны арзандатады деп үміттенбей-ақ қойса да болады. Керісінше, қымбаттайды. Өйткені сырттан келетін бір арна жабылатын болды. Сұраныс пен ұсыныстың арасындағы баланс бұрынғыдан да шиеленіседі деген сөз», - дейді маман. 

Оның айтуына қарағанда, шетелден әкелінген, бірақ тіркелмеген көлікпен жүрудің талабы бұрыннан бар. Бірақ Ішкі істер министрлігі нақты іске кіріскенше, ол талапқа ешкім мән беріп қарамаған.

«О баста, осыдан 2-3 жыл бұрын құзырлы органдар осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын түсінікті тілмен, белсенді жүргізуі керек еді. Министрлік енді қатаң әрекетке көшіп жатыр. Яғни, бұл мәселені қатты кешіктіріп алды деуге болады.

Бір жағынан адамдар да кішкене құнығып кетті. Мысалы, Қарағанды облысында бір өзі атына 84 машина жаздырған әйел бар екенін көрдім. Сақтандыру бойынша ашық базада оның мәліметтері бар. «Кеден қызметкерлері қайда қарап отырды ?» деген сұрақ туындайды. Осынша көлікті қандай мақсатпен кіргізіп жатырсыз деп сұрамаған ба?

«Бұққанға сұққан» дейді ғой, Алматыда осы бір кезеңді пайдаланып, Gelendvagen, Aston Martin сияқты қымбат көліктерді әкеліп алғандар бар. Ондайлардың көксегені бір-ақ нәрсе – Ресейде салық төлемеу, Қазақстанда да салық төлемеу және қымбат мәшинемен ойқастап жүру. Солардың жанында заң бойынша сауда жасап, бүкіл талаптарды орындайтын тәртіпке бағынатын қарапайым адамдар ұтылып тұр деуге болады», - дейді сарапшы.

Сарапшы Ресейден көлік әкелуді ойлап жүргендер екі елдің Ішкі істер органдары тіркелмеген көліктердің ортақ базасын құра бастаған кезде-ақ тоқтауы керек еді деп есептейді.

«Осыдан тура 5 ай бұрын «росучет» туралы видео шығарғанмын. Сол видеода ескерту жасадық. «Мұның арты шикі, ертең проблема туындауы мүмкін, қазір Ресей мен Қазақстан тіркелмеген көліктер бойынша ортақ база құрып жатыр», - деп дабыл қақтық. 

Бірақ құлақ асқандар аз болды. Жалпақ тілмен айтқанда «қадалды».

Бір жазда ғана Ресейден әкелінген көліктердің саны 200 мыңнан асып кетті. Бірақ осының айналасында пайда тауып отырғандар көп. Сақтандыру компаниялары ең көп пайда тапты. Оларға көліктің қай жақтан келгені, қандай жолмен келгені маңызды емес. Нөмірді қолдан жасап, WhatsApp-пен жіберсеңіз, ақысына лезде сақтандыру құжаттарын шығарып береді. Бұл жердегі ең өкінішті нәрсе – 2,5-3 жылдың ішінде қазақтың қанша ақшасы Ресейге қайтарымсыз кетті?! Ресей соның арқасында өзінің қоқысынан құтылып, оның үстіне ақшаға кенелді», - дейді автожурналист.

Көлік нарығындағы жағдайды жіті бақылап отыратын сарапшы ешбір елдің тіркеуінде жоқ көліктің көбеюі ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланысты екенін айтады.

«Ресми статистика бойынша, Қазақстанға Ресейден 210 мың көлік кірген екен. Соның 88 мыңы ешбір мемлекеттің тіркеуінде жоқ. Яғни, құжат жүзінде бұл көлік емес, қоқыс деуге болады. Көбі «Приора», «Волга» сияқты шіріп кеткен машиналар. Олардың біздің елдің аумағында жүруі де дұрыс емес қой. Ешқандай сертификаттаудан өтпеген, өзгелерге қауіп төндіруі мүмкін. Кеше Ішкі істер министрі де тіркелмеген көліктер жасаған апат салдарынан 250 адам қайтыс болғанын айттты. Адам бір рет заң бұзып, жазаланбаса, әрі қарай жалғастыра беруі мүмкін. Түптеп келгенде, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қазақтың жерінде шетелдік нөмірлі көліктердің ойқастап жүруі қай жағынан да орынсыз», - деді Олжас Оқас.

Қисын бойынша, қазіргі жағдай жергілікті көлік құрастырушы кәсіпорындардың саудасын қыздыруы керек еді. Сарапшының айтуынша, олай болмайтын сияқты.

«Бұл ахуал өздерін отандық автоөндіріс ошағы деп атап жүрген жергілікті кәсіпорындарға тиімді болуы керек еді. Бірақ олар да машина комплектілері жоқ болғандықтан, қол қусырып қалды. Құрастыратын бөлшектер жоқ болғандықтан, сұраныстың өзін қамтамасыз ете алмай отыр. Қазақстандағы бұл жағдай жаһандағы проблемамен тұспа-тұс келді. Қазір әлемдік автоөндірісте микрочиптердің жетіспеуі, құранды бөлшектердің тапшылығы бір-біріне мінгесіп алды. Бұл ахуал көлік бағасын бәрі бір қымбаттатады. Бірақ бірден емес, біртіндеп қосыла береді. Яғни, қазіргі динамика жалғаса береді. Онсыз да жыл сайын 10 пайыздан, 7 пайзыдан қымбаттап жатыр ғой. Сол динамика үдемесе, кемімейді. Өйткені жаңа көлік саны аз, автосалондарда көлік жоқтың қасы», - дейді ол.

Олжас Оқас көлік нарығын реттеу бойынша өз ұсынысын да ортаға салды.

«Жағдай оңалса, өзімізде шыққан көлікті алғанға не жетсін?! Халыққа субисидияланған 3-4 пайыздық несие берсе, сала дамушы еді. Онда, бір жағынан, халықтың тиімді бағамен көлік сатып алу мүмкіндігі пайда болар еді. Екінші жағынан, сол көлік 2-3 жылдан кейін тозғанда Қырғызстан, Армения, Ресей, Грузия сияқты елдер өздеріне алып кетер еді. Сонда утильдеу шаруасы да жеңілдейді. Соның арқасында нарықта ескі көліктер азайып, жаңа мәшине ғана тебетін мүмкіндік туындаушы еді. Біріккен Араб Әмірліктері осы тәсілмен реттеп отыр. ТМД бойынша әзірге мұндай тәжірибе жоқ. Ресейде «Алғашқы машина», «Отбасылық машина» деген сияқты идеясы жақсы бағдарламалар бар. Бірақ олардың жұмыс істеуі әлсіз. Ал Араб Әмірліктерінде АҚШ, Жапония, Қытай сияқты елдерден жаңа көліктер тікелей барады. Бірақ ескіргенде ол жақта қалмайды. Африка, ТМД мемлекеттері сыртқа алып шығады. Осылайша олар үнемі жаңа көлік мініп қана қоймай, екі ортадан маржа да көріп отыр. 

Жеңіл пайызбен көлік беру қаржылық ұйымдардың мүддесі болғанымен, мемлекет те қолдау көрсету керек. «Оператор РОП» мекемесінде біраз қаржы шоғырланған. Соның бір бөлігін автонесиеге бөле алады. Сонда халықтың утиль алымға деп берген ақшасын өзімізге жеңіл несие етіп берсе, қайтарымы да болады», - деді сарапшы.