«Семей-Новосібір» бағытында өртенген автобустан жолаушыларды құтқаруға атсалысқан Ержан Амархановқа бүгін «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Семей қаласындағы филиалы баспана алу үшін тегін есепшот ашып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Ержан аталмыш банкпен келісімге отырды. Ақшаның табыстылығын арттыру мақсатында депозит әйелі мен өзінің атына жекелей ашылады. Яғни, мемлекеттік сыйақы осы депозиттердің әрқайсысына берілетін болады. Ал баспаналар алар кезде «Отбасылық пакет» аясында екі депозит бір салымға біріктіріледі. Ержан осы арқылы болашақта төмен пайыздық мөлшермен жаңа пәтерге ие бола алады.
«Біз басын қатерге тіге отыра ерлік танытқан жерлесімізге өз ықыласымызды білдіруден шет қала алмадық. Ержанды ТҮҚЖБ-не шақырып, тұрғын үй жинақтары жөнінде келісімге отырдық. Ал, ұсынылған алғашқы жарнаны екі шотқа да өзіміз саламыз», - деді «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Семей қаласындағы филиалының директоры Равиль Сабитов.
Еске сала кетейік, 37 жастағы қала тұрғыны Ержан Амарханов тамыздың 4-і күні кешкі сағат 19.50-де «Семей - Новосібір» бағытында өртенген жолаушылар автобусынан 48 адамды құтқарған болатын.
Бұған дейін қала әкімі Ермак Сәлімовтің қабылдауында болған Ержанға қаржысының жанып кетуіне байланысты, жергілікті кәсіпкер «Гордорстрой» ЖШС директоры Бауыржан Қайрамбаев 1 миллион теңге тапсырды.