ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Владимир облысында Қазақстаннан шыққан автобуспен болған ірі жол апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Владимир облыстық ТЖМ-нің мәліметтеріне сүйенсек, 13-аймаққа жататын тіркеу номері UDA668 Mercedes маркалы жолаушылар автобусы аталған өңірде ірі жол көлігі апатына ұшырады», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында.
Мәліметтерге қарағанда, жол көлік апаты салдарынан 17 адам қаза тауып, 5 адам ауруханаға жеткізілді. Автобуста барлығы 55 адам болған.
«Зардап шеккендер Петушинскідегі аудандық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта Ресейдегі қазақстандық дипломаттар қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тұлғалары мен азаматтығын анықтап жатыр», - дейді Әнуар Жайнақов.
Айта кетейік, ҚР СІМ Ресей Федерациясының Владимир облысында болған ірі жол апатында қазақстандықтар қаза болды деген ақпаратты тексеріп жатқандығы туралы хабарлаған болатынбыз.