15 нау, 2022 сағат 13:55

Ресей санкцияларына байланысты Қазақстанда кәсіпкерлердің мәселелеріне арналған жедел штаб құрылды


Ресей Федерациясына салынып жатқан түрлі санкцияларға байланысты елімізде кәсіпкерлерге арналған жедел штаб құрылды. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресей Федерациясына салынып жатқан бірқатар санкциялардың Қазақстан экономикасына әсеріне байланысты кәсіпкерлерге арналған жедел штаб құрылды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған жедел штабқа кәсіпкерлер өз саласы бойынша түйінді мәселелерді жеткізе алады», - деді Бейсен Жолболдиев «Атамекен» ҰКП-да онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, жедел штаб елордада құрылған және оған өңірлерден де хабарласуға болады. 

«Қазіргі таңда салалық бизнес қауымдастықтар өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Кездесу барысында кәсіпкерлер өз саласына қатысты мәселелерді ортаға салып жатыр. Сонымен қатар кәсіпкерлер мәселені шешудің жолдарын ұсынуда», - дейді ол. 

Айта кетейік, кәсіпкерлерге арналған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.