Ресейдің төрт олигархы — Әлішер Усманов, Роман Абрамович, Михаил Фридман және Петр Авен — Еуропа одағы салған санкцияны алып тастауды сұрап, Еуропа сотына арызданды.
Бұл жөнінде хабар таратқан Wall Street Journal әрбір олигархтың жеке-жеке арыз түсіргенін атап өткен, деп жазады Азаттық.
The Wall Street Journal Әлішер Усманов арызының сотта тезірек қаралғанын қалайтынын айтады. Усманов мұны өз компаниясының санкцияға байланысты бірнеше келісімшарты үзілгенін, соның нәтижесінде банкрот алдында тұрғанымен түсіндірген. Бірақ өткен айда сот Усмановтың өтінішін қанағаттандырмаған.
Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, наурыз айында Әлішер Усманов санкция тізіміне ілінген соң бірқатар активтерін қарындасы Гүлбахор Исмаилованың атына аударған.
Исмаилованың Ұлыбританиядағы барлық активі бұғатталып, өзінің бұл елге кіруіне тыйым салған. Ташкенттегі Федорович клиникалық санаторийінің 82,1 пайызы Гүлбахор Исмаиловаға тиесілі саналады.
8 сәуірде Еуропа одағының кеңесі Әлішер Усмановтың тағы бір қарындасы Саодат Нарзиеваны санкция тізіміне қосқан. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Нарзиеваның Швейцария банкінде жалпы сомасы екі миллиард доллардан асатын 27 шоты бар екенін жазған.
Әлішер Усманов Ресей Украинаға басып кірген соң Путиннің айналасындағы олигархтардың бірі ретінде Еуропа одағының санкциясына ілінген.
Бұл санкция бойынша Әлішер Усманов Еуропа одағына кіре алмайды, ал активтері бұғатталған. Наурыздың басында Франция билігі Әлішев Усмановқа қатысы бар екі тікұшақты тартып алған. Германия да Әлішер Усмановқа тиесілі, құны 600 миллион доллар тұратын Dilbar яхтасын алып қойғаны хабарланған. Италия басылымы Әлішер Усмановтың Сардиниядағы вилласының есігіне мөр басылғанын жазған.
Ұлыбританияда тұратын Фридман мен Авен - Ресей Альфа банкінің негізін салушылар. Олар Еуропа сотына шағым түсіретінін наурыз айында хабарлаған.
Португалия азаматтығын алған Роман Абрамович санкция өзінің Еуропа одағы азаматы ретіндегі құқығын бұзып отыр деп санайды. Ресей олигархтарының арызы бойынша сот процестері қашан басталары белгісіз.