16 нау, 2023 сағат 09:34

Ресей миллионерлері банктерден ақшасын шығарып алып жатыр


Есепшоттарында миллион доллардан астам қаржысы бар ресейлік байлар банктерден ақшасын шығарып алып жатыр. Frank RG сарапшыларының мәліметінше, 2022 жылы олардың банктегі салымы 20 пайызға азайған.

Ақпаратқа қарағанда, олар Ресейге санкция салмаған елдерден жылжымайтын мүлік сатып алып жатыр. Мысалы, ресейліктердің Біріккен Араб Әмірліктерінен сатып алған активтері 800 миллиард рубльге жеткен.

Frank RG мәліметінше, Ресей дәулеттілері БАӘ, Түркия және Кипрдегі элитаға арналған үйлерден пәтер сатып алған. 2022 жылы бұл елдерден жылжымайтын мүлік сатып алуға бір триллион рубль жұмсаған. Бұдан бөлек, салымшылар ақшасын шетел банктеріне және алтынға салуда.

Сонымен бірге Ресей азаматтары Қазақстан, Армения, Түркия және Қытайға да ақша шығарған.

Ресейдің орталық банкінің мәліметінше, 2022 жылы резидент емес банктерге ақша аудару үш есе – 30 млрд доллардан 79,5 млрд долларға өскен.