21 мау, 2022 сағат 13:48

Ресей Литвадан Калининградпен жалғайтын теміржолды ашуды талап етті


Ресей сыртқы істер министрлігі Литва арқылы Калининградқа баратын теміржол транзитін дереу ашуды талап етті. Оны Литва елшісін шақырып алып айтқан, деп хабарлайды Азаттық.

Литваның транзит теміржолды жапқанын Ресей сыртқы істер министрлігі халықаралық құқықтық міндеттемелеріне қайшы келетін "арандатушылық", "жау әрекет" деп санайды.

"Егер таяу арада Ресейді Литва арқылы Калининград облысымен жалғайтын жүк транзиті толық қалпына келтірілмесе, онда ұлттық мүддемізді қорғау жөніндегі әрекет құқығын пайдаланамыз", — дейді Ресей СІМ.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Литваның әрекетін "бұрын-соңды болмаған жосықсыз шешім" деп атады.

"Бұл шешім, расында, бәріне нұқсан келтіретін бұрын-соңды болмаған жосықсыз шешім. Еуропа одағының транзитке салған санкциясына байланысты екенін түсініп отырмыз. Оны да заңсыз деп есептейміз", — деді ол.

Кейіннен Литва сыртқы істер министрлігі Еуропа одағының санкция режиміне енбеген жолаушылар мен тауарлардың Калининград обблысына кіріп-шығуына кедергі жоқ екенін хабарлады.

"Литва бұл транзитке біржақты, жеке немесе қосымша шектеу енгізген жоқ. Литва Еуропа одағының санкциясын жүзеге асырады", — дейді ведомство.

Литва 18 маусымнан бастап Ресейдің негізгі аумағынан Калининградқа өтетін теміржол жүктерінің транзитін тоқтатқан. Көмір, металл, цемент, ағаш, құрылыс материалдары мен жоғары технологиялы бұйымдарды Литвадағы транзит жолмен алып өтуге тыйым салған. Мұнай өнімдеріне 10 тамызға дейін рұқсат етілген, одан кейін мұнай өнімдері де санкцияға ілінуі мүмкін.

Литва сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасары Мантас Адоменас қазір Литваның Калиниград теміржол транзитіне байланысты Еуропа одағының шешімін күтіп отырғанын хабарлады.

Калининград облысының губернаторы Антон Алиханов Литва әрекетін заңсыз деп атады. Оның сөзінше, облысқа теміржолмен келетін Ресей жүктері 40-50 пайызға азаяды. Губернатор Лениград облысындағы Усть-Луга порты мен Калининград түбіндегі Балтық порты арасындағы паром қатынасын күшейтуге шақырды.