11 шіл, 2025 сағат 17:01

Ректорлық қызметке оралу үшін 200 мың доллар берген Айман Мұсақожаева алаяқтың құрбаны болды

Фото: ашық дереккөз

Семей қаласының 37 жастағы тумасы өзін ҰҚК төрағасының туысы ретінде таныстырып, 200 мың долларға танымал скрипкашы Айман Мұсақожаеваны ректорлық қызметіне қайта тағайындауға уәде берген. Бұл туралы Ult.kz Kozachkov offside телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылы өзін ҰҚК төрағасының туысымын деп таныстырған Арман Таженовке делдалдар арқылы Ұлттық өнер академиясының бұрынғы ректоры Айман Мұсақожаеваны қызметіне қайтару туралы ұсыныс түседі. Белгілі скрипкашы 1998 жылдан бері жоғары оқу орнын басқарған, алайда 2024 жылдың басында зейнетке жіберілген. Өнерпаздың күйеуі, кәсіпкер әрі меценат Асқар Бекбаев әйелін қызметке қайта орналастыру үшін 200 мың доллар беруге дайын болған.

Ақшаның жартысы Алматыда Таженовке табысталған. Біраз уақыт өткен соң ол тағы 100 мың доллар сұрап, қайта байланысқа шыққан. Алайда делдал ақшаны бірден бере алмаған соң, уақытша кепіл ретінде өзінің көлігін Таженовтің атына аударуды ұсынған.

Бірақ одан кейін ешқандай нәтиже болмаған – Айман Мұсақожаева академиядағы қызметіне оралмады. Осыдан кейін жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінді.

Арман Таженов кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтегендіктен, судья Құралай Дарханова оған 4 жыл шартты жаза тағайындады.