Орталық сайлау комиссиясының соңғы ақпаратна сенсек, елімізде азаматтардың 68 пайыздан астамы референдумда дауыс берген. Алайда Алматының көрсеткіші төмен. Бұл - үлкен шаһарлар үшін қалыпты жағдай. Бұл туралы Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, экономист, қоғам белсендісі Бекнұр Қисықов брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикердің сөзінше, Алматы қаласы бұған дейінгі сайлауларда да жоғары көрсеткіш көрсетпеген.
«Бұл - ірі қалаларға тән жағдай. Мысалы, Нью-Йорк, Ыстанбұлда да саяси науқанға қатысу статистикасы осындай. Алматы да сондай феноменге кіріп тұр деп ойлаймын. Дегенмен референдум көпшіліктің қызығушылығын оятты. Мәселен, қалада жұмыс істеп жүрген өзге аймақтың адамдары да дауыс беру мүмкіндігі пайдалана алмады. Көбі тіркеу талонын алдын ала алмаппыз деп өкініп жатты. Жалпы, референдум жақсы деңгейде өтті», - дейді Бекнұр Қисықов.
Алматыда сағат 20.00-де референдум учаскелерінің есігі жабылып, бюллетеньдерді санау басталды.
Айта кетейік, Алматыда жалпы халықтық референдумда 574 учаске жұмыс істеді.