Дүние шулап кетті. Аузын ашса көмейінен от жарқылдап жатқандар аз емес. Бәрін қылға тізіп қайтейін. Күлдім, шамдандым. Сосын жауап берейін деп ойладым.
Мен «Абай жолын» мансұқтаған адам емеспін. Классикалық туынды. Бірақ өкінішке орай өз заманының шығармасы. Тап осы қалпында алдағы елу, жүз жылда ұлт руханиятына қызмет ете алмауы мүмкін. Өйткені, басқа ұрпақ, әлемдік өркениетпен қол ұстасқан келешек келеді. Олар кең көсілме эпопеяға көз жүгірте ме, жоқ па, қайдам?!
Оның үстіне қазіргі саясатқа орай үш-төрт тілді қазақ баласы қанатын жайғалы отыр. Кере - қарыс төрт томды құшақтап жатуға олардың тілі, ділі, түсінігі мүмкіндік бере ме? Жасыратыны жоқ, эпопея кеңестік дәуірдің келбетіне орай жазылған. Артық-ауыс, бөлек-салақ тұстары көп. Егер Әуезовтың қасиетті қаламына жақсылық жасайық десек, осы шығарманы қырнап-сырлап екі томға түсірсек, міні құрамас еді. Сонда Абай атам бейнесі бар қырынан жарқырай көрінер еді. Болашақты ойлайық та!
Абай-ұлы мақтанышымыз. Айта-айта аузымыз құрғады. Ғажайып ақылман ақын. Сол ұлы мақтанышымыздың жауһар жырларын әлемге таныта алдық па? Жоқ! Мемлекет боп бар бітіргеніміз данышпан бәленбай жасқа толды деп той-топырын өткізу. Бітті!
Сол қырғын салтанатқа жұмсаған қаржыны ақынның өлеңдерін алуан тілге аудартуға, насихаттауға жұмсасақ қайтер еді? Сонда қаракөз қазақ баласы арабқа барсын, ағылшын, француз елін кезсін «Мен Абайдың ұрпағымын» - деп кеуде қақпас па еді? Ал, Мәскеу көшесінде шошайтып орнатқан бір ескерткішке мәз болып әлі жүрміз?
Әбіш Кекілбаев қазақтың маңдайына біткен тұлға. Қайталанбас ғажайып! Әттең, ғұмыр бойы мемлекеттік қызметтен қолы босамай өтті. Әйтпесе, адамзаттың Айтматовы сынды небір дүлдүл дүниелерді өмірге әкелер еді. Шығармаларының ішінде «Аңыздың ақырының» ғана мойны озып, бірнеше тілге аударылды... Шамына от тиіп жатқан бәзбіреулердің аға қайтыс болған сәтте мен құсап Жоғары билікке қаратып ащы сөз айтқаны болды ма екен? Мен болсам ағаның бар уақыты зая кеткенін, өз талантынан төмен шығармалар бергенін ғана айттым!
Мұхтар Мағауиннің мен стилін ғана қабылдай алмаймын. Ғалымдығы мықты! Ұзақ жыл «Жұлдыз» журналын басқарды. Жанына бір-екі әдеби киллер ұстады. Тұстастарын түгелдей жусатып салды. Нанбасаңыздар сол жылдардағы журнал санын парақтап шығыңыз. Өзінен басқа іліп алар қаламгер жоқ екен. Өзі болса қазақ әдебиетінің негізін қалаған Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллинге дейін қарақаттап жатты. Сіздерге жақсы мәлім, ұзақ жыл архив шаңының астында қалып, теріс көзқарас иеленген М.Әуезовтың «Қилы заман» хикаятын өзі орыс тіліне аударып, Мәскеудің «Новый мир» журналына жариялататын Шыңғыс Айтматов еді ғой. Мұқаң осы ұлы тұлға жайлы не айтпады, неге ғана теңемеді? «Ешкі жетектеген екеу», «Әлгі мұрны аузына түскен қырғыз»...
Егер өзің пікір тұтқан ұстазға біреу осындай қызмет көрсетіп жатса, қолын тұрмақ аяғын сүйерсің. Ал біздің айтқан рахметіміз әлгі...
Мұқаңды қазір Америкада тұрады деп естиміз. Орыстың Е.Евтущенко сынды сұңғылалары сол елдің оқу орнында лекция оқып, өз елі әдебиетінің жетістігін саралап, насихаттап жүр. Ағамыз да білімдар адам ғой, сол ақын сынды Қазақстан мен Орта Азия әдебиеті жайлы дәріс беріп жатса бізде иіліп сәлем берер ек. Десе де, кейбір аңдаусыз айтқан қағыс пікіріме кешірім өтінемін.
Иә, бізде ағалардың иығында өстік. Солардың жазу үрдісінен тәлім алдық. Олардың алдында өтелмей жүрген қарызым көп.
Мәселен, Д.Исабеков, Т.Әбдік, М.Байқұтов, С.Елубаев, Н.Дәутаевтар менен көш ілгері жазушылар. Ғұмыр бойы олардың талантын мойындап өттім.
Қазір әдеби сын жоқ. Өңшең мақтау. Бір өкінішім, осы салаға ерекше дем беретін екі азаматты да мемлекеттік қызмет Әбіш аға сынды босатпай қойды. Олар – Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Ермек Аманшаев. Қалам тербеп кетсе дүниені төңкерер еді!
Мәдениет пен спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлымен Призидент Әкімшілігінде қатар қызмет істедік. Сәлеміміз түзу. Өкпем бар. Жасырып қайтемін. Былтыр «Фолиант» баспасы ұсынған 40 баспа табақ орысша кітабым жоспарға енбей қалды. Биыл 60 жылдығыма орай осы баспа ұсынған 7 том кітабым тағы да себептен-себепсіз сызылып кетті. Бұл менің өмір бойғы көз нұрымды сарқып жазған еңбектерім емес пе еді? Мен немене көшеде жатқан қаламгер ме едім? Ең болмаса «Рахымжан бюджет жағдайы белгілі. 2-3 томыңды жоспарға ендірейік» десе болды емес пе?
Сосын айтарым, менің М.Мағауин және де осы жігіт жайлы айтқан ілкі пікірім сайттан сайтқа көшкен сайын неге өткірлене, дөрекілене береді?! Әрине, өзгелердің қолымен. Әлде бұл дұшпандықты қолдан қоздырудың бір тәсілі ме?
Қазақта 800 ге таяу қаламгер бар. Соның елге белгілі ақын-жазушыларының талайы менің айтқандарымды баяғыдан күбір-сыбырмен айтып-ақ жүр. Мен ашық кетіп едім, талақтары тарс айырылды. Бұлар қазақ әдебиетінің өркениеттің өзгеше үрдісімен өрнек жаюын көксейтін қарымды қаламгерлер немесе талғамдары әлемдік мәдениеттің інжу-маржандарымен қалыптаса бастаған заманның оқырмандары (жастар) емес, екі арадағы әдеби түсініктің дүбаралары. Олар бұл пікір таластан мені былай қоя салып, ру-ру боп қырқысып, бірінің қоясын бірі қазып, қырғиқабақ қырқысып кетуі сол дүбаралық. Соның кесірінен біртұтас білікті, мәдениетті ұлт болып қалыптаса алмай жатқанымыз көрініп қалды. Осымен қатар олар бүкіл жұртқа тарайтын интернет желіні адамның аузы барып айта бермейтін анайы атаулардың, боқтық сөздердің мінбесіне айналдырып алды. Жалғандыққа жаны қас «Жалғыз атты жолаушының» жабылып жалауын құлатып, жарығын сөндіруге болар, одан дүние бүлініп кетпес, ал ру-руға бөлініп алып ұлттың өзіне ұрыс салу қасіреті қазақты қайда апарады?! Ал, мен өз ойымды ашық мәлімдедім. Дұрысы, бұрысы болар, солай! Аты-жөні жоқ біреулер кітабымды өртеп жатыр. Қорқақ, қорқау бір мүскін менің өмірбаянымды қазып отыр. (Кім екенін білемін) Ешкімде жарық дүниеге періште, пайғамбар болып келмейді. Жеке бастың кем – кетігін түгендеу жетесіздіктен басқа не?!
Өртемек тұрмақ елден шығарып жіберсін. Пікірімнен қайту жоқ.
Көзіміз тар екен. Көңіліміз мешеу екен.
Әулиедей Әбіш ағаның (Кекілбаев) тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап ек. Аға құсадан қаза болған.
Әй, ел емес екенбіз ғой.
Рахымжан Отарбаев,
Түпнұсқадағы тақырып: Бәріңізге бір жауап