27 сәу, 2020 сағат 12:04

Рахым Ошақбаев: Карантиннен кейінгі тығырықтан бізді ауыл шаруашылығы алып шығады

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев несие беретін ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың бәрін бір қаржы ұйымына біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантиннен кейін бізді экономикалық тығырықтан алып шығатын салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Алайда бюрократиялық процедураларға байланысты қаржыландыруға қатысты шешімдер кешеуілдеп қалды. Бұл бағытта жұмысты барынша жеделдету керек», - деді Рахым Ошақбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының фейсбук-парақшасында онлайн режимде сөйлеген сөзінде.

Сарапшының айтуынша ауыл шаруашылығын қаржыландыру тұрғысында банк жүйесіне ғана иек арту мүмкін емес екенін жеткізді.

«Банк бәріне, әсіресе шағын және ұсақ бизнес өкілдеріне уақытында ақшаны жеткізе алмайды. Сол себепті бұл ретте мүлде жаңа амал-әдіс керек. Қазіргі дағдарыстың теңдессіз сипаты бар. Тіпті бәлкім, қазір елде Агробанк ашуға дейінгі қадамдарға барған жөн болар. Несие беретін ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың бәрін бір қаржы ұйымына біріктіріп, сол арқылы кәсіпкерлерді төмен пайыздық несиемен қолдаған жөн. Кепілдік қалдыру тәртібінен кетіп, нақты бизнес-жоспарларға қаражат аудару керек», - деді ол.

Рахым Ошақбаев бұл тұрғыда Қытайдың тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша ондағы фермерлерге берілуі тиіс қаражат қолжетімді болған.

«Ол жақта өте төмен пайызбен, кепілсіз әртүрлі саланы, оның ішінде ауыл шаруашылығын несиемен қолдаған мемлекеттік банктер болды. Менің ойымша бізге де дәл қазір осы тәжірибе керек», - деп түйді ол.

Еске сала кетсек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде айтқан болатын.