Көрнекі фото: pixabay.com
Рахат Әлиевтің туысқанына тиесілі құс фабрикасы мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұндай шешімді Алматы облысы Талғар ауданының соты жергілікті прокуратура талап-арызы бойынша шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Әңгіме Ливан тумасы Иссам Салах Хорани туралы болып отыр. 1998-2008 жылдар аралығында онда Қазақстан төлқұжаты болған, қазір Палестина азаматы. Ол - American Investments inc. американдық корпорациясының президенті, сонымен қатар Рахат Әлиевтің қарындасы Гүлшат Хоранидің күйеуі. 2008 жылдан бері Хорани Интерпол арқылы Швейцария мен Ливанда, сондай-ақ Қазақстанда бопсалау дерегімен жасаған қылмыстары үшін іздеуде болған.
Талғар ауданының прокуратурасы бұған дейін Жалқамыс құс фабрикасын жекешелендіруді жарамсыз деп тану және оны мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыз түсірген болатын.
1999 жылы акциялардың мемлекеттік пакеті (90 пайыз) американдық American Investments Inc. корпорациясына сыйға тартылған.
"1999 жылғы наурызда Талғар ауданының әкімдігі "Ақ-қанат" АҚ-ның пайдалануындағы жерді американдық корпорация пайдасына - жалпы ауданы 665,4 гектар 4 жер учаскесін - бес жылға шығару туралы шешім шығарды. Сол жылдың қазанында алынған 665,4 гектар жердің 56 гектары "Алтын-Айдар" ЖШС-не берілді", - делінген құжатта.
Ал 2001 жылы Талғар ауданының әкімдігі American Investments Inc. компаниясынан "Алтын-Айдар" ЖШС пайдасына 609 гектар жерді пайдаланудан шығарған. Бұл жерлер 6 жер теліміне бөлініп, 2002 жылы Талғар ауданы әкімдігі мен "Алтын-Айдар" ЖШС арасында 49 жылға тиісті жалға беру шарттары жасалған.
"Мұрағат мәліметтеріне сәйкес, Алматы аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен American Investments inc. америкалық корпорациясы арасында құс фабрикасын өтеусіз беру туралы шарт жасалмады, өндірісті дамытуға және кредиторлық берешекті өтеуге инвестициялар енгізудің бизнес-жоспары әзірленбеді және уәкілетті органға берілмеді. Құс фабрикасы 29 жыл бойы жұмыс істемейді, оның ресурстары өте қиын жағдайда, ауылшаруашылық техникасы мен көлік құралдары ескірген, құрылыстарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілмеген, инвестициялар салынбаған, салық берешегі бар.
Құс фабрикасының мүлкін иеліктен шығару дерегі уақтылы анықталған кезде Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитеті мемлекеттік мүлікті мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауға міндетті болды, алайда бұл орындалмады, осыған байланысты прокурор мемлекет мүддесі үшін талап қойды", - деді прокурорлар сотта.
Сот іс материалдарын зерделеп, аудан прокуратурасының талап арызын қанағаттандырды. Сөйтіп, құс фабрикасы мен оның жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.