Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин тауарлық газдың ішкі нарығына квота енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде тауарлық газдың 95%-ын «QazaqGaz» АҚ монополиялық құқықпен ұсынып отыр. Ішкі нарыққа бүгін 18,6 млрд текше метр, экспортқа Қытай бағытында 7,2 млрд текше метр газ жөнелткен. Сонымен бірге, ішкі нарықты тұтыну көлемі үнемі өсіп келе жатқандықтан, экспорт үнемі қысқаруда. Ішкі нарықта бағаны қалыптастыру жүйесі ашық емес. Мұнда 1000 текше метр газдың бағасы 600-ден 10 мың теңгеге дейін құбылады. Ішкі нарыққа газ жеткізу тәртібі нақтыланбаған», - деді Серік Жұманғарин.
Агенттік басшысы «QazaqGaz» компаниясының қазіргі тәртіп бойынша тауарлық газ сатудан 47% табыс көріп отырғанын атады. Ол табыстың бір бөлігі қарыздарды өтеуге жұмсалатын көрінеді.
«Кезінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ға басым құқық беру ел өңірлерін ауқымды газдандыру, магистральдық, таратушы газ құбырларын салу қажеттілігімен негізделді. Мысалы, «Сарыарқа» газ құбыры «АстанаГаз ҚМГ» АҚ қаражаты және Еуразиялық Даму Банкі мен Халық Банктен алынған қарыз есебінен қаржыландырылды. Ал өңірлік тарату желілері тариф есебінен, яғни қарапайым халықтың қалтасынан қаржыландырылады. Газдандыру картасындағы негізгі ереже орындалмайтыны түсінікті. Тауарлық газды тасымалдау нарығында «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Азия газ құбыры» ЖШС және «Бейнеу Шымкент Газ Құбыры» ЖШС және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарату желілері бар. Мұнда табиғи монополиялар субъектілері шығындарының 35%-ы мемлекеттік тарифтік реттеуден шығарылып, аутсорсингке берілді. Салдарынан, 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін осы жұмыстардың құны 5,4 млрд теңгеден 7,7 млрд теңгеге дейін немесе 42% өсті», - деді ол.
Сондай-ақ, ол тауарлық газды бөлшек саудада өткізу нарығында нарықты монополиясыздандыру процесі басталғанын мәлім етті. Мысалы, республиканың 6 өңірінде жеке операторлардың үлесі 15-20%-ға жеткен. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тауарлық газды өткізудің бөлшек сауда нарығында орындалатын жұмыстар көлемінің шамамен 70%-ын бөгде ұйымдарға аутсорсингке берген.
«Газ бағасын мемлекеттік реттеу сақталсын деген ұсынысымыз бар. Бұл ретте квоталарды қалыптастырудың нақты және ашық өлшемшарттарын айқындай отырып, ішкі нарыққа газ жеткізуді квоталау тетігін енгізу қажет.
Сондай-ақ, ішкі нарыққа биржадан тыс газ жеткізуге қол жеткізу ережелерін қабылдай отырып, тауарлық газды сатып алуға және оны ішкі нарыққа өткізу ісінде «QazaqGaz»-ға берліген айрықша құқықты жою керек. Дегенмен, «QazaqGaz»-дың сыртқы нарықта газ сатуға берілген айрықша құқығын сақтау ұсынылады», - деді Серік Жұманғарин.