06 мау, 2022 сағат 15:21

QazaqGaz-дағы 123 млрд теңгенің заңсыздығы: Жаркешов «ауруын жасырмайтынын» мәлімдеді

Коллаж: ulysmedia.kz

Мәжілістегі Үкімет сағатына келген QazaqGaz-дың қазіргі басшысы Санжар Жаркешов бұған дейін ұлттық компаниядағы заңсыздықтар туралы сөз қозғады. Депутаттар алдында шыққан ол «ауруын жасырған арам өледі» деген мақалды келтіріп, бұған дейінгі заңсыздықтың бәрін ашық айтуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

«Мемлекет басшысының толық аудит ұйымдастыру және компания қызметінде транспаренттілікті қамтамасыз ету туралы тапсырмаларына сәйкес, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні, 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық бұзушылықтар табылып, оның ішінен 123 млрд теңгесі құқық қорғау органдарымен анықталды. Қазақта ауруын жасырған арам өледі деген жақсы сөз бар. Барлығын ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысып жатырмыз», - деді ол депутаттар алдында.

Депутаттар бұл заңсыздық жайлы компания басшысынан індете ештеңе сұраған жоқ. Алайда бұл сауал кулуарда айналып келіп Санжар Жаркешовке екінші рет қойылды. Тілшілер одан «газ саласында анықталған делдалдық схемалар мен заң бұзушылықтар қай кездерде болды және оған кім кінәлі?» деп сұраған. Алайда QazaqGaz компаниясының басшысы Санжар Жаркешов бұл сұраққа жауап бере алмады.

«Енді оны бәлен деп айту қиын. Қаншама жылда газ саласында қаншама өзгеріс болды, әртүрлі адамдар келді. Солай қалыптасып қалған. Қаңтар оқиғасынан кейін көп нәрсе ашылып жатыр ғой», - деді ол мәжіліс кулуарында журналистерге.

Компания басшысы осы тақырыпқа байланысты бұдан кейінгі сұрақтарға нақты жауап бермей, тергеу амалдарына сілтеді.

Айта кетсек, өткен жылдың соңында, Қазақстан үкіметінің шешімімен «ҚазТрансГаз» компаниясы «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіріп, «ұлттық компания» мәртебесіне ие болып, портфельдік компаниясына айналған. Сондай-ақ оның атауы «QazaqGaz» деп өзгерген. 2022 жылдың 15 қаңтарына дейін ол компанияны Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы – Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев басқарған.