Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Ресей бұдан былай энергия ресурстарын құрлықты бопсалау үшін пайдалана алмайтынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Еурокомиссия төрағасы Ресей энергия ресурстарымен Еуропаны бопсалай алмайтынын және мұнай мен газ жеткізуде төлемді рубльмен талап ету арқылы санкцияларды айналып өтуге жол берілмейтінін, өйткені бұл санкциялар режимін бұзу болатынын айтты.
"Бұл біржақты шешім және шартты анық бұзу әрі санкцияларды айналып өту әрекеті болар еді. Біз санкциялардан айналып өтуге жол бермейміз. Энергияны бопсалау үшін қолданатын уақыт өтті", - деді ол.
Бұл ретте Литваның мемлекеттік газбен жабдықтаушы Ignitis компаниясы "Газпромнан" газ сатып алуды тоқтататынын және үкіметке тиесілі ресейлік концернге ешқандай төлем жасамайтынын мәлімдеді. Компания өкілдері Ресейден газды рубльге сатып алмаймыз деп түсіндірді, өйткені келісімшартта "еуродан басқа валютада төлеу мүмкіндігі қарастырылмаған".
Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Артурас Кетлерюстың айтуынша, жыл басынан бері Ignitis Литва қажеттіліктері үшін "Газпромнан" газ сатып алмаған. Дегенмен, газдың бір бөлігі Латвия және Эстония тұтынушылары үшін сатып алынған және Латвиядағы Инчукалнс қоймасында сақталған. Оның айтуынша, 2021 жылы "Газпромнан" сатып алынған газ Ignitis қорының үштен бірінен аз.
Бұл шешімді Словения премьер-министрі Янез Янша да қолдады. Саясаткер 23 наурызда президент Владимир Путин талап еткендей, Еуропа ресейлік газды рубльмен сатып алмайтынын айтты.
"Еуропада рубльдің қандай екенін ешкім білмейді деп ойлаймын, ешкім рубльмен төлемейді", - деді премьер-министр.
Бұл туралы Италия премьер-министрі Марио Драги де айтты. Оның айтуынша, көгілдір отын үшін төлемдерді рубльге ауыстыру "келісімшарттарды бұзу" болар еді. Германия канцлері Олаф Шольц та төлем валютасы келісімшарттарда көрсетілгенін айтып, энергияны рубльмен төлеуден бас тартты.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Еуропа елдері мен АҚШ-қа көгілдір отынды ресей рублімен сату туралы шешімін жариялаған болатын. Путин Ресей табиғи газды бұрын жасалған келісімшартта бекітілген көлем мен баға белгілеу қағидаттарына сәйкес жеткізетінін атап өтті.
887 рет оқылды