07 мау, 2024 сағат 13:32

«Путин, көмектесіңіз»: Ресей президентіне видео жолдаған Қонаев тұрғыны сотталды

Сурет: видеодан кадр

Ол әлеуметтік желіде Ресей президенті Владимир Путинге қарата видео жолдап, Қазақстанға көңілі толмайтынын жеткізген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Осы жылдың наурыз айында Қонаев тұрғыны Андрей Астахов Владимир Путинге жүгінген видеосын жариялаған. Бейнероликте ер адам көрші елдің президентін көмектесуге шақырып, Қазақстандағы жағдайға риза еместігін айтқан. Әйтпесе елді азаматтық соғыс күтіп тұр деп мәлімдепті. Сонымен қатар ол видеода Қазақстан шенеуніктеріне, оның ішінде Президентке қарата қорқытып-үркіту сарынындағы сөз айтқан.  

"Владимир Владимирович, көмектесіңіз, құтқарыңыз. Менің ойымша, сіз бізді естисіз", - депті Астахов.


Бұған пікір жазған азаматтардың кейбірі түсінбестікпен қараса, кейбір пайдаланушылар ІІМ мен ҰҚК аккаунттарын белгілеп кеткен.  

5 наурызда ер адам қамауға алынды. Келесі күні Қонаевта Астаховтың соты өтті. Ол ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша әлеуметтік алауыздықты қоздырды деп айыпталды.  

"Сот отырысында сотталушы А. С. Астахов кінәсін толық мойындады. Бұл әрекетке өкініп, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді", - делінген сот шешімінде.  


Бірақ сот Астаховтың өтінішін елемеді. Путинге үндеуі үшін ер адам ендігі үш жылын қауіпсіздігі орташа колонияда өткізеді.  

Бір қызығы, Астахов арнасында тек сегіз ролик бар екен. Және көпшілігі шенеуніктер жұмысын сынау, КСРО-ға деген сағынышын жеткізген мәтіндер. Ер адамға берілген үкімге қарамастан, жазба әлі де қол жетімді және 6000-нан астам қаралым жинады.