22 шіл, 2025 сағат 15:45

Прокурор Перизат Қайратқа 10 жыл жаза сұрады: сотта жаңа мәліметтер жария болды

Фото: Almaty.tv

Астанада Перизат Қайратқа қатысты өтіп жатқан сот процесінде прокурорлар оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот отырысында жабық тергеу кезінде алынған айғақтардың бір бөлігі алғаш рет жарияланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Прокурор Арман Қазекен Таяу Шығыстағы зардап шеккендерге қатысты эпизодтың мән-жайын ашып, Перизат Қайраттың өз кінәсін мойындамағанын атап өтті. Айыпталушы сотта Палестинаға ақшаны қолма-қол апарғанын, себебі банк арқылы аудару әскери жанжалға қаржылай қолдау ретінде бағалануы мүмкін екенін айтты.

— Бұл сапарлардың мақсаты шын мәнінде өзгеше болған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол Біріккен Араб Әмірліктерінде қымбат саудамен де айналысқан, — деді прокурор Қазекен.


Сондай-ақ, Перизат Қайраттың анасы Алашбаева 559 миллион теңгені «Палестина халқына гуманитарлық көмек» деген желеумен алдын ала сөз байласу арқылы иемденіп, қаражатты гүл дүкенін сатып алу арқылы заңдастырғаны үшін айыпталып отыр.

Бұған дейін прокурор Мадина Оразалина мұндай алаяқтық әрекеттерге мемлекеттің енді жол бермейтінін, ал бұл іс қоғам үшін сабақ болуы тиіс екенін мәлімдеген болатын.

Қазіргі уақытта іс бойынша пікірталастар жалғасып жатыр.