Фото: AtyrauPress.kz
Прокурор Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованы жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" AtyrauPress.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін, 31 Қазанда Прокурор Лаура Асанова айыптау сөзін оқыды.
Асанова облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға мүлкін тәркілей отырып, белгілі бір мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Мерзімді өтеу орташа қауіпсіздік мекемесінде анықталсын. Сондай-ақ, Хаменова "Құрмет" орденінен айырылсын. Хаменованы қамауда ұстау уақытына қарай жаза мерзімі 1,5 күн үшін 1 күн есебінен қамауда ұсталсын. Сотталушыда кәмелетке толмаған баланың болуына байланысты жазаны үш жылға дейін кейінге қалдыруды сұраймын" - деді прокурор.
Сондай-ақ, прокурор облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевке орташа қауіпсіздік мекемесінде жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Пара берді деген күдікке ілінген Адамовты да төрт жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуді ұсынады.