19 сәу, 2021 сағат 12:57

Профессорлық оқытушылар құрамының ең төменгі жалақысы қанша?

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында профессорлық оқытушылар құрамының ең төменгі жалақысы қандай мөлшерде бекітілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (ЖЖОКБҰ) директорлар кеңесінің шешімімен пайданы зертханалық базаны жарақтандыруға, ЖЖОКБҰ-ның инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрманың (ОПҚ) жалақысын арттыру мәселесін қарауға бөлу құқығы берілген. Осылайша, ОПҚ-ның жалақысын арттыру мәселесі ЖЖОКБҰ-ның құзыретіне кіреді. ОПҚ жалақысына қатысты жүргізілген сараптамалық сауалнама ЖЖОКБҰ оқытушыларының көпшілігінің пікірі оқытушылар құрамының барлық санаттары үшін ең төменгі жалақыны белгілеу қажеттігін көрсетті», - деп жазылған Ералы Тоғжановтың жауабында.

Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп, ОПҚ жалақысын одан әрі арттыру үшін есептеулер жүргізген. 

«ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы профессорлық оқытушылар құрамының ұсынылатын педагогикалық жүктемесін және ең төменгі жалақысын айқындау туралы» № 122 бұйрығымен 680 академиялық сағат жүктемесі кезінде штаттық оқытушыларға ұсынылатын жүктеме мен ең төменгі жалақы белгіленді», - дейді вице-премьер.

Нақтырақ айтсақ, бұл мөлшер қатардағы оқытушы үшін – 200 000 теңге, аға оқытушы үшін – 230 000 теңге, қауымдастырылған профессор үшін – 260 000 теңге, профессор үшін – 350 000 теңге, Ұлттық ЖЖОКБҰ-да профессор үшін – 400 000 теңге. 

«Профессорлық оқытушылар құрамының пікірі бойынша, көрсетілген ең төменгі жалақы сомасы жас оқытушыларды жоғары білім беру жүйесіне тарту, оқытушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне ынталандыру және жалпы ОПҚ-ның сапалық құрамын қалыптастыру үшін жеткілікті болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тапсырыс құнын 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлғайту көзделген», – дейді Ералы Тоғжанов.