Бүгінде Маңғыстаудағы бірнеше кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Оған жұмысшылардың" жалақыны көтерсін" деген талабы себеп болып отыр. Кей дереккөздерге сүйенсек, ол жұмысшылар жалақысының 1 миллион теңгеге жетуін талап еткен екен. Өкінішке қарай, қаншама жұмыс тоқтап, өндіріс тұралап қалса, ел экономикасына да, халықтың әлеуметтік жағдайына да әсер етпей қоймайды ғой...
Ал, облыс басшысы халыққа үндеу жасап, мәселелердің біртіндеп шешілетінін айтты. Оның сөзінше, "Қазмұнайгаз" басшысы аталған проблеманы шешу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, өңірдегі жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтылуы да қолға алынған.
«Мен барлығын жақсы түсінемін. Проблемалар бар. Оларды шешу үшін біз барлық мүдделі тараптармен жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек. Қанша қаласақ та өңірдің барлық тұрғындарын бір мезетте мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Бірақ біз шағын және орта бизнес кәсіпорындарында, басқа да мемлекеттік және басқа кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасын әртараптандыруға тиіспіз. Халықтың және елдің амандығы үшін баршаңызды сабыр сақтауға және түсіністік танытуға шақырамын. Көтерілген мәселелер шешіледі. Бірақ бірден емес. Ол үшін уақыт қажет» - делінген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың үндеуінде.
Шынында ел қайта-қайта толқи берсе, істің мәні қашады ғой. Дұрыс, тұрғындар өз талабын айтып, мәселесін жеткізсін. Бірақ оның барлығын бір ізге келтіру үшін уақыт керек емес пе? Мәселені шешеміз деп шарқ ұрып жүргендерге мұрша берген жөн секілді.
Сосын, талап қойғанда да жан-жақпен санасып, тонды келісіп пішкен дұрыс.