Фото: Konkord Company Press Service/ITAR-TASS/IMAGO
Евгений Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігі оның жауынгерлеріне оқ-дәрілер жеткізбей жатқанына тағы да шағымданды.
"Вагнер" қысқа уақыттан кейін өз қызметін тоқтатады, деді ол ресейлік блогерге берген сұхбатында.
Донецк облысындағы Бахмут қаласында жауынгерлері бірнеше айдан бері соғысып жатқан "Вагнер" жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин құрылым өз қызметін тоқтатуы мүмкін деген пікір білдірді.
"Вагнер" белгілі бір уақыттан кейін өз қызметін тоқтатады", - деді ол ресейлік блогер Семен Пеговке берген сұхбатында.
"Біз тарихта қаламыз. Ештеңе етпейді, бұлай болуы заңдылық", - деп қосты Пригожин.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеороликке қарағанда, "Путиннің аспазы" жеке әскері қызметінің тоқтатылуын Ресей Қорғаныс министрлігінің жалдамалыларға оқ-дәрілер жеткізбейтіндігімен байланыстырады.
Пригожиннің снаряд жетіспеушілігіне шағымдануы және Ресей әскери басшылығының жекелеген мүшелерін "ел мүддесіне опасыздық жасады" деп айыптауы алғаш рет емес. Әзірге оның бұл мәлімдемені қашан жасағаны белгісіз. Ол БАҚ өкілдерінің айтылған жайтқа түсініктеме беру туралы өтінішіне де жауап берген жоқ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Евгений Пригожин өткір де сарказмдық мәлімдемелерімен танымал, сондықтан оның сөзінің қаншалықты салмақты болғанын дөп басып айту мүмкін емес. Кеше ол "украин әскеріне қаланы америкалық журналистерге көрсетуге мүмкіндік беру үшін оның бөлімшелері Бахмутты атқылауды тоқтатты" деген ақпаратты жоққа шығарды. Бірнеше сағаттан кейін ол бұл жай ғана "әскери әзіл" екенін айтты.