Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатынан зардап шеккен балаларға барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатынан зардап шеккен тоғыз бала жатқан Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына барды.
Қала әкімі балалардың жағдайымен танысып, оларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңажылдық сыйлықтар тапсырып, олардың тез сауығуына тілек білдірді.
Орталықтың бас дәрігері Абай Құсайыновтың айтуынша, алты бала интенсивті терапия бөліміне жеткізілді. Олардың жағдайы орташа ауыр деңгейде. Екеуіне емдеудің жоғары технологиялы заманауи әдістерін қолдана отырып ота жасалды. Ота жасалғандардың бүгінгі жағдайы орташа ауыр деңгейде.
Қазіргі уақытта балалардың барлығы профилактикалық бөлімге ауыстырылды. Онда олар қажетті медициналық көмек алуда.