Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан ЕҚЫҰ ДИАҚБ директоры Маттео Мекаччимен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Қазақстанға алғаш рет сапармен келген ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) директоры Маттео Мекаччимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Арнаулы өкіл Мемлекет басшысының бастамасы бойынша адам құқықтары мен құқық үстемдігі саласында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен елдің тұрақты дамуының басымдықтары туралы мәлімет берді.
Тараптар Қазақстан мен Орталық Азиядағы қауіпсіздік, экономикалық және саяси даму салалары бойынша Қазақстан мен ЕҚЫҰ институттары арасындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективаларын талқылады.
ДИАҚБ директоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, Қазақстанның қолға алған бастамаларына барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.