18 қар, 2021 сағат 19:14

Президенттік кадр резерві: 132 үміткер келесі кезеңге өтті


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің төртінші кезеңі - құзыреттерді бағалаудың екінші бөлімінің басталғаны туралы хабарлады.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз хатшысы Ерхан Таткен өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші бөлім, яғни ассессмент-орталық 25 қазан мен 15 қараша аралығында өткізілді, оған 235 үміткер жіберілген болатын.

Қазіргі уақытта ассессмент-орталықтың қорытындысы шығарылып, оның нәтижелері бойынша екінші бөлім– құзыреттер бойынша сұхбатқа 132 үміткер өтті.

Құзыреттер бойынша сұхбат – бұл құрылымдалған сұхбат түрі, мұнда сұраққа жауап берген кезде үміткер өз тәжірибесінен мысалдар келтіруі қажет. Мұндай сұхбатта үміткердің тек өзі туралы және өзінің тәжірибесі туралы айтуы, өзінің өткен өмірінен нақты мысалдарды сипаттауы қажет. Сондай-ақ, жалпы ой-пікірлер мен болжамды жауаптардан аулақ болуы маңызды. 

Құзыреттер бойынша сұхбат ағымдағы жылғы 20-28 қараша аралығында кәсіби HR-менеджерлердің қатысуымен онлайн форматта өткізілетін болады.

Осы іріктеу кезеңінің ерекшеліктері, біріншіден, үміткердің кәсіби құзыреттілігінің деңгейін анықтау болып табылады.

Екіншіден, сұхбат үміткердің нақты тәжірибесін бағалайды және үміткердің нақты жағдайларда қалай әрекет ететінін дәл болжауға мүмкіндік береді. 

Кәсіби тәуелсіз сұхбат жүргізушілер командасы үміткердің құзыретінің даму деңгейін ғана емес, сондай-ақ үміткерлердің ынта-жігері мен құндылық бағдарларын бағалайтын болады, патриотизм және Қазақстан халқына қызмет ету сияқты құндылықтар басым болып саналатын үміткерлер іріктеледі.

Сондай-ақ, әр үміткердің нәтижелері сертификатталған HR менеджерлерінің қатысуымен талқыланады. 

Осы блоктың нәтижелері бойынша іріктеудің келесі бесінші кезеңі – Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге ең үздік нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын үміткер жіберіледі» - деді Ерхан Таткен. 

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 үміткер резервке алынады. 

Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты - қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау.