«Академик Президентке Ашық хат жазды» тақырыбында «Ұлт порталында» жарияланған экономист-ғалым Оразалы Сәбденнің хаты аз ғана уақытта 48 мыңнан астам қаралым жинады. Facebook.com, Whatsapp сынды желілерде көшіріліп басылып, халық арасына кең тарап кетті.
Мұның өзі қазіргі қоғамның бей-жай күйден айрылып, айналамызда болып жатқан нәрселерді жіті қадағалап отырғандығын аңғартса керек.
Өз хатында ғалым, ең алдымен, автоұрылар қолынан қапыда қаза болған Денис Теннің өліміне қайғырып, көңіл айтады.
Ғылыммен қатар, саяси көзқарасын да ашық білдіріп жүрген Оразалы Сәбденнің өзі жасөспірім шағынан бастап спорттың он екі түрімен айналысқан, соның ішінде жиырма жасында күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан чемпионы атанғаны белгілі. Сондықтан, академиктің бұлайша қолына қалам алуын, алдымен, спортшының спортшыға құрметі деп білу керек.
«Бай мен кедейдің, билік пен халықтың арасы алшақтаған кезеңді бастан кешіп отырмыз», - деп, қазіргі әлеуметтік халіміздің нақты бағасын берген Оразалы Сәбден жастай қыршынынан қиылған Денистің өліміне қабырғасы қайыса отырып жазған Ашық хатынан, сонымен қатар, қылмыс жайлаған бүгінгі қоғамның түйткілді мәселелерін шешудің уақыт күттірмейтін мәселе екеніне назар аудартқысы келетінін аңғаруға болады.
Автомобиль айнасын ұрлаймын деп, кісі пышақтап, қолға түскен жас жігіттер өз жазасын алар, алайда, жастарды қылмысқа не итермелейді, неліктен біздің қоғамда ұры-қары, адам зорлаушылар мен педофилдер көбейіп кетті, соның себебін анықтап, қазірден алдын алу керек сияқты.
Өзінің «Абай және қазақ елінің болашағы» кітабында: «Осыншама байлықтың үстінде отырып, Абайша айтқанда, неліктен шеңгел шайнап жүрміз?», - деген Оразалы Сәбден сөзінің жаны бар. 90-шы жылдары ғалым Мақаш Тәтімов жүйелі жүргізген «тәуелсіз қазақ демографиясын өсіру» жобасы өз мақсатына жетіп, елімізде «беби-бум» болғанымен, кейін оны қаржыландыру жағы ескерусіз қалды. Ал енді сол балалар не жеп, не көріп өсті? Бір реттік берілетін жәрдемақы мардымсыз, көп балалы аналарға берілетін және мүгедек балалардың жәрдемақысының көлемі де өте аз. Жас босанған анаға тиесілі азғана жәрдемақыға қол жеткізу үшін қыруар құжат жинау керек, егер бір-екі тауығың болса, одан да қағыласың. Осындай бір бар, бір жоқ жағдайда өскен баладан қандай білім, қандай тәрбие күтуге боламыз?
Кәмелеттік жасқа жеткенде, қатарымызға кім болып қосылмақ?
Кейбіреу ойлаған шығар: «Кедей болғаныңа әрекет етпеген, бизнеспен айналыспаған өзің кінәлі», - деп. Алайда, қоғамның сол бір қор парасы жетіліп, қылмыскер болып, екінші парасын өлтіріп, тонап жатса, ертеңгі қоғам бақуаттығы, қауіпсіздігі үшін бұл дұрыс шешім емес, әрине!
Қазірдің өзінде көрші Ресейде бірінші балаға 250 мың рубль, екінші балаға 270 мың рубль, оған қоса, 10 сотық жер, немесе соның ақшасы беріледі екен. Бұны белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей зерттеп, өз «Инстаграмм» парақшасында жазды. Ал, бұл кезде қазақ аналары 70-80 мың теңгені қанағат қылмақшы.
Енді қазір біздің өзіміз қолдан өсірген жас қылмыскерлерді айыптап, жазалағымыз келеді.
Ондайлар бүгін түрмеде толып отыр. Ана мен баланың жағдайына қазірден көңіл аудармасақ, олар үсті-үстіне үдеп өсе бермек, қоғамға дендеп ене бермек. Сонда еліміздің қабырғасын ертең кім көтереді, қазақты кім көбейтеді?
Гүлжан Ерғалиева сынды қалада туған, орыстанған қазақтардың бір парасы: «Мамбеттерді ауылдарына қуып, Алматы мен Астанаға кіргізбеу керек», - деп қиғылық салуда. Олар көп келеңсіздіктің себебін ауылдан келген қазақтардан көреді және оларды ауылға изоляциялау арқылы қалыптасқан жағдайды шешуге болады деп ойлайды.
Ал зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері болса, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін талап етсек, жағдайды басқа қырынан шешуге болады деген пікірде. Алайда, қоғамдағы осы бір толқуды, өзіне қаратылып айтылған ащы сөзді министр қаперіне де алған жоқ, дәл осы кезде жоспарлы іссапарына кеткен ол кісі халыққа жауап беруді ойына да алмаған тәрізді.
Денис бауырымыздың жамбасы жерге тимей жатып, қылмыс болған жерге таяу тұратын жазушы Илья Одеговтың жеке көлігіне де шабуыл жасалды. Жазушы Одеговпен қатар, ұрыдан опық жеген басқа да көп қазақстандықтар полиция қызметкерлерінің оқиға орнына келуге асықпайтынын, келген күнде де көп қағаз толтырумен уақытты алып, қылмыскердің із суытуына көп жағдайда өздері жол беретінін ашына айтады.
Саясаттанушы, қоғам қайраткері Айдос Сарым автобөлшек сататын бес базарды аралағанда, түйген ойын: «бұл қылмыстың үлкен резонанс тудыруының себебі, біздің қоғамдық орта мен еліміздегі қоғамдық қатынастардың өзі осы азаматтарды қылмысқа баулитын сияқты», - деп, жүйелей келе, Алматы қаласында етек алған ұялы телефон, автоның ұсақ-түйек бөлшектерін ұрлау сияқты типтік қылмыс түрлері қалыптасқанын айтады. Ең сорақысы, осының айналасында криминалды көлеңкелі бизнес пайда болған. «Осындай нарық бар кезде мұндай қылмысты тоқтату мүмкін емес, ендеше, Қазақстанда бизнес климатты, оның ішінде туристік бизнесті дамытып, қалыптастырамыз деу – бос сөз болып қалмақ», - дейді Айдос Сарым.
Академик Оразалы Сәбден болса, еліміздегі ұрлық, тонау, адам өлтіру сынды келеңсіздіктердің тамыры әлеуметтің кедейшілігінде, жұмыссыздығында жатыр дегенді дұрыс айтады. «Жұмыссыздық (2,7 млн. жұмыссыз өзін-өзі қамтамасыз етеді дейді, бірақ бұл шындыққа жанаспайтыны анық). Егер біздегі 4,9 % жұмыссыздық рас болса, онда Әлемдік Гиннестер кітабына нағып кіре салмаймыз?», - дейді ол Президентке хатында.
Халықтың әлеуметтік деңгейін көтеріп, білім мен мәдениет сапасын көтермей, қоғамдағы қылмыс тиылмасы анық. Себебі, жоқшылық, кедейшілік мол ақшаға оңай жолмен қол жеткізуге – қылмысқа жетелейді, нәтижесінде, тепсе темір үзетін қаракөздер отбасын құрып, тал өсіріп, ұрпақ өрбітудің орнына, түрмелерде толып отырғаны тағы рас. Керісінше, ауыр қылмыс жасап, үш жыл бұрын 18 жылға сотталған Қайрат Жамалиев сияқты қалталы қылмыскерлер бостандықты шектеу орындарынын тез босап шығып жатады.
Сарапшы мамандар елдегі заңның «ізгілігі» халықтың әлеуметтік жағдайына сай келмегендіктен, уақыт өткен сайын жанданып, күш алып бара жатқан қылмыс ортасына аса оңтайлы екенін, ұсақ қылмыс жасаушыларға кешірімнің көптігін айтады.
Бүгінде қара халыққа мемлекет тарапынан жеңілдіктен гөрі салынатын салық көп. Қазақстандықтар тапа-тал түсте қылмыскерге тап келіп қалудан қорқады, «қару алып жүруге рұқсат берілсін» деген нәрсе де айтылып жатыр.
Мемлекет тарапы заң шығаруда халықпен санаспайтыны қынжылтады, айталық, күні кеше ғана «Азаматтардың көлік, үй-жай сатуынан 10% зейнетақы жинау қорына аударылатыны заңдастырылғаны» жария болып, халықтың одан сайын ашу-ызасын тудырды.
Президентке жазған бұл Ашық хатында академик Оразалы Сәбден бүгінде елімізде аса асқынып кеткен дерт – белең алған келеңсіздіктерді шешу үшін шұғыл әрекет керек, мемлекетті жаңа жолға салу – уақыт күттірмейтін мәселе, осы сұрақтардың төңірегінде тұрақты мемлекеттік ұлттық Кеңес құрылуы керек дегенді айтады. Ғалымның ойынша, бұл Кеңеске халықтың арасынан мақтау-мадақтан алыс, келелі ой айта алатын, іс жасай алатын, табанының бүдірі бар азаматтар кіруі керек.
«Құрметті Елбасы, елдегі белең алып, асқынған келеңсіздіктерге шұғыл түрде назар аударуыңызды сұраймын!» - дейді академик.
Ғалымның пікіріне жазушы, профессор Совет-Хан Ғаббасұлы, сонымен қатар, бірқатар «елім» деген азаматтар үн қосып, пікір жазды.
Халық атынан сөз алған Оразалы Сәбден бір-ақ нәрсені талап етеді: елімізде адам құқығы, адам қауіпсіздігіне жағдай жасалса. Қазақстан азаматы бақуатты өмір сүруі үшін материалдық жағдайы, баспана мәселесі шешілсе.
90-шы жылдары халық пен билік тарапы өзара келісімге келіп, халық тарапы өз қауіпсіздігі мен өмірін қолдарына сеніп табыстаған болатын.
Алайда, Конституцияда айқын жазылып, көрсетілген сол келісім қазір өрескел бұзылып отырғаны көрінеді.
Анар Қабылқақ, жазушы