17 қыр, 2019 сағат 15:18

Президент «Урожай» ЖШС-нің агроөнеркәсіп кешенінде болды

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарын Аққайың ауданы, Рублевка ауылындағы «Иван Зенченко» ЖШС-нен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті сүтті тағамдар өндіретін ферманың толық айналымдағы жұмысымен танысып, астық жиналып жатқан егістік алқабын аралап шықты және механизаторлармен әңгімелесті.

Нысанды аралау барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы баяндады. 

Кәсіпорын директоры Геннадий Зенченко Мемлекет басшысына өндірілетін өнімдер мен өткізу нарығы, соның ішінде тауардың Ресейге экспортқа шығарылуы жөнінде айтты. Ол сондай-ақ компанияның ауылдық округтегі әлеуметтік саланы дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның жұмысын мен экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Урожай» ЖШС-нің агроөнеркәсіп кешенінде болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қызметі, диірмен кешенінің, элеватордың, комбикорм зауытының және нан-тоқаш өнімдерін шығару жөніндегі өндіріс нысандарының жұмысы туралы мәлімет берілді.

Қазақстан Президентіне  агрокәсіпорнында қуаты жөнінен жылына 12000 тонна түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын өндірудің жаңа технологиялық үдерісі, сондай-ақ дайын өнімнің үлгілері көрсетілді.

Мемлекет басшысы аграрилердің назарын мемлекет бөлген ауыл шаруашылығы субсидияларын тиімді пайдалану қажеттігіне аударды.